Қоғамдық кеңесте қаралды

Қоғамдық кеңесте қаралды

Sorry, this entry is only available in Русский.

Бүгін біздің Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің отырысы болып, онда «Қарасай ауданындағы білім мекемелерінде орамал (хиджаб) киетін оқушылар және олардың ата-аналарымен жүргізілген жұмыстар туралы» мәселе қаралды.

Кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов қазіргі уақытта әр-әр жерде орын алып отырған осы жайсыз жағдай туралы айта келе алғашқы сөзді аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнар Такимоваға берді. Ол жиналғандар алдында баяндама жасап, бұл бағытта  атқарылған көптеген жұмыс пен проблемалар туралы жан-жақты әңгімеледі.

Мұнан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аудандағы өкілі сөйлеп, өз ойын ортаға салды.

Сонымен қатар, кеңес мүшелері С. Керімбеков атындағы мектеп директорының міндетін атқарушы Оралхан Бекаева, Жамбыл атындағы орта мектептің директоры Динара Әділбекқызы және тағы басқалардың есебін тыңдады.

Отырыста сөз алған аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, ішкі істер басқармасы кәмелетке толмағандармен жұмыс бөлімі қызметкерлеріне мұның, яғни, мектепке оқушы қыздардың діни сенімінің жетегімен хиджаб киіп, орамал тартып келуінің өте  күрделі де нәзік мәселе екенін айта отырып, осы бағытта атқарылуға тиісті жұмыстарға кеңінен тоқталды.

– Әрине, мектеп басшылары жағдайды ушықтырмай алдымен ата-аналармен жақсы cөйлесіп, жете түсіндіре білуі керек, – деді ол. – Не істейміз деп босқа қарап отырмауы қажет. Бұл үшін директорлардың өздері өзгені сендіре білетін білімді, айтқанына құлақ қойдыра білетін мықты болуы тиіс. Өйткені, бұл жөнінде арқа сүйер Білім және ғылым министрлігінің бірыңғай мектеп формасы туралы бұйрығы, сол сияқты әр мектептің жарғысы бар ғой. Иә, қайталап айтсам, бұл үлкен де күрделі мәселе. Алда  да оған мүлдем жол бермеуіміз керек.

Отырыста сөйлеген қоғамдық кеңестің мүшесі Айтбай Көшкімбаев аталған өзекті мәселе жайында ашық та анық айтып, мектеп басшыларын, құқық қорғау органдарын осы орайда  жүйелі жұмыс істеуге шақырды.

– Бұл іске ардагерлер, ақсақалдар да атсалысуы тиіс, – деді ол. – Сондай-ақ, мектептердің психологтары да  мықты болуы керек. Ата-аналар да мұғалімдерді түсініп, оларға көмектескені жөн.

Отырыста аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева қорытынды сөз сөйлеп, осы  бағытта атқарылар істің маңыздылығына тағы да назар аудартты.

Соңынан аудандық Қоғамдық кеңестің қаралған мәселе бойынша қарары қабылданды.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях