«Ұлы Абайдың туысының бірімін», – дейді қарасайлық Серік апа

«Ұлы Абайдың туысының бірімін», – дейді қарасайлық Серік апа

Әрбір адам баласы шыр етіп дүниеге келісімен-ақ, жаратқанның жазуымен оның алдағы өмір жолының «жоспар-жобасы сызылып» қоятын тәрізді. Бұған тағдырыңа әсер ететін әртүрлі оқиғаларды және заманның сан алуан құбылысын, уақыттың неше түрлі бұрылысын қосыңыз.

Қаскелең қаласының тұрғыны, сексен үш жасты алқымдап қалған Төлеубекова Серік апамызды айтқанда осындай ойға тірелеріңіз анық.

Аудандық  орталық кітапхананың қызметкері Ақмарал  қарындасымыз арқылы қолымызға «Өмір – өзен, көш керуен» атты  кітап тиді. Әрине,  бұл тек бір әулетке арналған өмірбаяндық жазба, дегенмен, басқалардың да оқуына болады, авторы ұзақ жылдар бойы кітапханашылық қызметте істеген Серік Ұйтқыбайқызы Төлеубекова екен. «Ішімдегі шерімді шығару үшін, ата-ана, бауырларды, балалық шақты еске алу үшін…»  деп түсіндіріпті басында апамыз өзінің қолға қалам алуының себебін.

…1933 жылғы бүкіл қазақ жерін жайпап өткен алапат ашаршылық кезінде сонау Семей жеріндегі қазіргі Абай ауданында тұратын әкесі Ұйтқыбай жаламен сотталып, Қаскелеңнен бір-ақ шығыпты. Жалпы, ол кездерде әжептеуір дәулеті бар, Шыңғыстауды жайлаған Тобықты руына жататын  Шүкібай шал мен Сәлиқа  кемпірдің Қарамырза,  Сермырза, Ұйтқыбай, Сүттібай деген ұлдары болған.

Сонымен  Серік апаның әкесі жазасын өтегеннен соң осы жерде қалып қояды.  Ұлы жүздің Айтбала атты қызымен бас қосып, шаңырақ көтереді. Екеуі бес бала тәрбиелеп өсіреді.

«1904 жылы  Абай  атамыз дүниеден өткенде 25 жаста болған қайран әкем оларды асырап, адам етем деп жүріп туған жеріне, өскен өңіріне  кейін де  мүлдем бара алмай, армандаумен көз жұмды ғой» дейді ол кісі өкіне сөйлеп.

Ең қызығы, Серік апамыз ұлы Абайға туысқан болып келеді екен! «Абайдың әкесі Құнанбай, атасы Өскенбай, арғы атасы Ырғызбай. Ал, одан арғы атасы  Олжай болса, оның кіндігінен Айдос, Қайдос, Жігітек тарайды. Жігітектің баласы Кеңгірбай, Қайдостан Бөкенші. Айдостың Айпара деген әйелінен 4 ұл туған, олар: Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай, – дейді тағы да Серік апамыз. – Ал, Ырғызбайдан Абай, Көтібақтан менің әкем тарайды. Яғни, Көтібақтан Шоқа, одан Еділ, одан Есей, одан Шүкібай, одан Ұйтқыбай болып келеді».

Кейіннен осы жақтан әкесінің туыстары табыла бастайды. Олардың ішінде Әбдусағит Жиреншин, Жанәбіл деген ағайын және Есмағамбет Ысмайылов бар еді.

… Қарасай ауданы жеріндегі үйлері Шамалған өзеніне таяу екен. Ұлы Мұқанның,  Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын жазып жүрген кезі болса керек, сонда жиі-жиі  келіп, әкесі Ұйтқыбаймен ұзақ әңгімелеседі екен.  Шығармасының кейбір бөлігін осы өзен жағасына шатыр тігіп жатып, жазған көрінеді.

«Мұхтар атамыз әкеме қыста соғым байлататын. Үйге келгенде анама көйлек, орамал, шай, кәмпит  әкелетін, – дейді енді жан-жүрегі елжіреген  Серік апа. – Әлі есімде, бір  күні Мұқаңның «Победа» көлігі балшыққа тығылып қалды, сонда әкем оны атпен арқан байлап шығарған еді. 1952-53 жылдары тамаша қаламгерді қудалау басталды ғой. Сонда бір түнде, ешкімге айтпаңдар деп, үйге көп кітап әкеліп тыққанын да білемін. Әкем марқұм Шәкәрім туралы да жиі әңгімелейтін, оның өлеңдерін жатқа айтып отыратын. Бір күні, қай жыл екені есімде жоқ, үйге аппақ киінген әдемі жас жігіт келді. Ол Шәкәрімнің ұлы Ахат екен. Біздің үй оны қой сойып, өте құрметтеп күтті. Сонда Ахат атамыз  әкесінің өлеңдері мен жазбаларын іздеп, жинақтап, кітап етіп бастырғалы жүр екен. Ал, Шәкәрімнің әкесі Құдайберді Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күнкеден туған ғой. Яғни, Шәкәрім Абайдың бауыры болатын».

Серік апа Алматыдағы атақты №12 қазақ орта мектебін бітірген соң туған жері Тұрар ауылына  оралған. Содан 1956 жылы 18 жасында көрші  Көлащының 19 жасар Төлеубеков  Салинша атты жігітіне  тұрмысқа шығыпты, өздері бұрыннан бір-бірін білетін жақсы  таныс екен. Болат, Роза, Қайрат, Бибігүл деген ұл-қыздары дүниеге келген. Ері Салинша 1992 жылы 55 жасында ауырып қайтыс болыпты.

– Әкем Ұйтқыбайды жапырағын жайған алып  бәйтерек дегім келеді, – дейді Серік апа сөз соңында ойлана сөйлеп.  – Оның барлық балаларынан тараған ұрпағының саны бүгінде жүзден  асып кетіпті. Менің өзімде 17 немере, 18 шөбере бар. Құдайға шүкір, солардың ортасында, әрбірінің  қызық-қуанышына куә болып, аман-есен жүріп  жатырмын. Туған халқымызға да берекелі өмір тілеймін. Әйтеуір, ел аман, жұрт тыныш болсын, қарақтарым!

Берікбай Қадықов,

журналист

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях