Ерлігі ұрпаққа үлгі Адиш Абдраимов

Ерлігі ұрпаққа үлгі Адиш Абдраимов

Биыл ауданымызда Ұлы Жеңістің 78 жылдығын небәрі үш ардагер ғана қарсы алып отыр. Соңын бірі – Адиш Абдраимов. Бір ғасырды артқа тастап, биыл 9-шы мамыр күні жеңістің 78 жылдығымен қатар соңғы құжаттарда көрсетілгендей 102-ші көктемін тойлайын деп отырған Адиш атамыз бүгінде ауданымыздың орталығы Қаскелең қаласында тұрып жатыр, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.

Ардагер  1918 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған (бұрынғы атауы Яны-Курган) ауданында дүниеге келген. Алайда кейінгі жылдары құжаттарын жоғалтып алып, қайта қалпына келтірген кезде атамыздың туған жылын 1921 деп көрсеткен.

1940 жылы Ташкент қаласындағы институттың үшінші курсында оқып жүргенде Куйбышев аудандық военкоматынан Кеңес Армиясы қатарына шақырылыпты. Майданға келгеннен кейін өзі сияқты жас жігіттермен 1941 жылдың маусымына дейін 180-ші запастағы атқыштар полкінде, Орлов әскери округінің 173-ші атқыштар полкінде қызмет еткен. Сол жылдың тамыз айында өзі қызмет етіп жүрген полкімен бірге Смоленск облысының Рославль қаласына жақын жерде жаулардың қоршауында қалып, тұтқынға түскен. Біраз уақыт Германияда, Гамгург маңындағы Бергиндорф қаласындағы әскери тұтқындар лагерінде, одан кейін 1945 жылдың сәуірінен 9 мамырға дейін Гамбург жанындағы Ноянгамме концлагерінде болған.

Жеңіс таңы атып, тұтқыннан босап шыққаннан кейін Адиш атамыз жат жерде қалып, Шверин қаласындағы фильтрациялық пунктінде жұмыс істеп, өзі сияқты соғыс тұтқындарын қабылдап, еліне қайтуға көмек көрсеткен. Ал 1946 жылдың қаңтарынан 1947 жылға дейін Кострома облысының Антроповский ауданында Долматов ағаш кесу зауытында хронометраж, клуб меңгерушісі болып жұмыс істеген. Тек 1947 жылдың қазанында КСРО Министрлер Кеңесінің КСРО азаматтарын елге қайтару жөніндегі басқармасының және КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Әскери қызмет басқармасының рұқсатымен, сондай-ақ «Химлеспром» тресінің бұйрығымен туған жері Қызылорда облысына қайтып оралды.

Жастайынан білімге құмар, ардагер соғысқа бармай тұрып өз өмірін ғылыммен байланыстырғысы келген. Сондықтан туған жеріне қайтып келген кезде арманын іске асырып, ғылым саласына ден қойған. Жоғарғы оқуды тәмамдап, аттестатталған маман атанып, 1954-1958 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы Қазақ кешенді тәжірибе станциясында ғылыми қызметкер болып еңбек еткен. 1958 жылдың желтоқсанынан 1961 жылға дейін аспирантурада оқып, одан кейін 23 жыл – 1961 жылдың желтоқсан айынан 1985 жылдың желтоқсан айына дейін Пахта-Арал тәжірибе стансасының өсімдік физиологиясы зертханасының меңгерушісі қызметін атқарды. Сол жерден зейнет демалысына шыққан.

Соғыстың, фашисттік тұтқынның барлық азабын тартып, берілмей өзін жоғалтпай өскелең ұрпаққа үлгі болып отырған атамыз бүгінде өзінің балалары мен немере, шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях