Алматы облысында Мұқағали Мақатаевқа ескерткіш ашылды

Алматы облысында Мұқағали Мақатаевқа ескерткіш ашылды

Бүгін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай Нарынқол ауылының орталық алаңында алып тұлғаның еңселі ескерткіші ашылды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.
Сонымен қатар, айтулы күнге орай Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Хантәңірі мұзбалағының туған жері Қарасазда ауыл тұрғындарымен кездесіп, сол музейге ақынның қобызын тапсырды.

Мерейтойлық шараларға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақынның ұлы мен келіні Жұлдыз Мақатаев пен Бақытгүл Айдарова, ТҮРКСОЙ ұйымының өкілдері, Парламент депутаттары, ел зиялылары және аудан жұртшылығы қатысты.

Еңселі ескерткіштің лентасы қиылып, ресми ашылу рәсімі атқарылды. Ескерткішті дайындауға облыстық бюджеттен 61,1 млн. теңге жұмсалды. Ескерткіш қоладан құйылған, тұғыры граниттен дайындалған. Жалпы ескерткіштің биіктігі – 8,2 м, авторы – сәулетші А.Рүстембеков, мүсіншісі – Қ.Кәкімов.

Ескерткіш орнатылған орталық саябақтағы алаңды абаттандыруға өңір бюджетінен 70,1 млн. теңге қарастырылып, аумақ көгалдандырылды, суару жүйесі жүргізілді, жарық шамдары орнатылды, шағын сәулеттік формалар қойылды.

Сондай-ақ осы күні Нарынқол ауылында 50 отбасы баспаналы болды. Жаңа қоныс иелеріне тұрғын үй кілттері салтанатты жағдайда тапсырылды. Нарынқол ауылында салына бастаған 83 үйдің 33-і бұған дейін тапсырылған болатын. Ал бүгін жобаның 3 және 4-ші кезеңдері аяқталып, беріліп отыр. Тұрғын үйлерді «Гунн Строй Сервис» ЖШС медігер ұйымы салған, әр үйдің алаңы 100 ш.м, жер учаскесі – 10 сотық. 3 бөлмелі үйлерде суық су, ыстық су жүйесі тартылған, қолайлы өмір сүруге қажетті жағдайлар жасалған.

Ресми қонақтар осы күні Нарынқолда жаңадан тұрғызылып, пайдалануға берілген Спорттық-сауықтыру кешенінде де болып, оның материалдық-техникалық жағдайымен танысты, жас споршылармен тілдесіп, балаларға ойын доптарын сыйға тартты.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях