Елеулі еңбек етіп жүрген – Серік Үмбеталиев

Елеулі еңбек етіп жүрген – Серік Үмбеталиев

Ойы орнықты, келешегіне нық сеніммен қарайтын жас адамның алдына қойған өз мақсаты болары анық. Ол сол жолда әрдайым табандылық танытып, көздегеніне жет­пей тынбайды. Мемлекеттік қызметтің, бы­лайша айтқанда, «жілігін шағып, майын ішкен», әкімдіктегі қызу тіршіліктің «қара қазанында» қайнап, бүгінде мол тәжірибе мен рухани азық жинай алған азаматтардың бірі Серік Үмбеталиев. Ол 2009 жылдан ба­стап, осы уақытқа дейін ауылдық атқарушы органның қабырғасында ерінбей, тал­май еңбек етуде. Еңбек жолын мемлекеттік ветеринарлық инспектордан бастаған білікті маман, бүгінде әкімдік қабырғасында 11 жыл бойы үлкен жауапкершілікпен қызмет атқарып келуде. Қазіргі кезде ол Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүр.

1981 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қазыбек Бек бекетінде дүние есігін ашқан Серік Қалижанұлы кішкене кезінен-ақ ерекшеленген. Сон­дай ұдайы ұмтылысының арқасында ол 1998 жылы Алматы қаласындағы Ұлттық Аграрлық институтын да «кедендік ветеринарлық экспертиза» мамандығы бойынша білім алған.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Серік Үмбеталиев әрдайым өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты орындап, қай шаруаға да ептілігін, ұқыптылығын және белсенділігін байқатқан. Бойыңдағы талпы­нысы талай биіктерге жетелеп, мерейінің өсуіне сеп бол­май ма! Сол сияқты Серік аталмыш ма­маннан тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және салық түсірілімі саласындағы округ әкімінің орынбасарына дейін көтеріліп, Іргелі округінде биыл екінші жыл қызмет етіп келе жатқан жайы бар. Бірақ, ол ешқашан жетілдім, кемеліме келдім деп шалқайған емес. Керісінше, әлі де ізденіс үстінен та­былып, өзіне пайда­лы, өзгелерге керек дүниелердің қыр-сырын ақтарғанды жаны сүйеді. Қазір, тарих қойнауына сіңіп кеткен кешегі күндерді ой елегінен өткізе оты­рып, кейіпкеріміз әкімдік шаңырағының астындағы өмірі өзінше бір үлкен тәрбие мектебі екенін алға тартады. Өз мамандығын ерек­ше жақсы көретіндігі, ісіне мығым маманның ел алдындағы еңбегі елеусіз қалған емес. Аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапаттал­ды. Сүйікті жар, үлгілі отағасы бүгінде екі ұл мен бір қызды әкелік мейірімділігімен тәрбиелеуде. Міне, қазыналы Қарасай жерінің өсіп-өркендеуі жо­лында елеулі еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшінің бірі Серік Үмбеталиев жайында айтпағымыз осы еді.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях