Қарасай аудандық мәслихаттың хатшысы Айтбай Көшкімбаев қайтыс болды  

Қарасай аудандық мәслихаттың хатшысы  Айтбай Көшкімбаев қайтыс болды   

Кеше Қарасай аудандық мәслихаттың хатшысы Айтбай Көшкімбаев ауыр індеттің салдарынан мезгілсіз қайтыс болды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы.

Айтбай Жексенбайұлы Көшкімбаев 1961 жылы дүниеге келген. Ол – Алматы облысының Қаскелең ауданы Абай ауылының тумасы.

1978-1980 жылдары Кеңес Қарулы күштері қатарында Москва қаласында әскери міндетін атқарды.

1986 жылы Талдықорған қаласындағы зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумын  «зоотехник» мамандығы бойынша,  2002 жылы Алматы қаласында  экономика және статистика институтын «бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша,  2009 жылы Алматы қаласында Қазақтың Ұлттық аграрлық университетін «Жер кадастры» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1977 жылы Алматы облысының Күрті совхозында жұмысшы ретінде бастаған. 1982-1984 жылдар аралығында «КСРО-ға 60 жыл» совхозының мал дәрігер-санитары, 1986-1996 жылдары «Күрті» совхозының  мал  шаруашылығының  меңгерушісі, 1996-2007 жылдары  «Р-Күрті» ЖШС-нің асыл тұқымды тәжірибе шаруашылығында бас зоотехник болып жұмыс істеді. 2007 жылдың наурыз айынан тамыз айына дейін  Алматы облысының  жер ресурстарын қорғау және  пайдалану инспекциясының Жамбыл ауданы   бойынша бас маманы, 2007-2008 жылдары аралығында Қарасай ауданы Каменка ауылдық округі әкімінің орынбасары, 2008-2009 жылдары Қарасай ауданы Райымбек ауылдық округінің әкімі, 2009-2011 жылдары Қарасай ауданы әкімінің бірінші орынбасары, 2011-2013 жылдары Алматы облысы Балқаш ауданының әкімі, 2013-2015 жылдары Алматы облысы ауыл шаруашылық басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.

2017 жылдың 4 тамызынан бастап бүгінгі күнге дейін Қарасай аудандық мәслихатының хатшысы қызметін атқарды.

Айтбай Көшкімбаев мәслихаттың хатшысы ретінде депутаттардың өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына қолдау көрсету, мәслихат аппаратының жұмысын басқару, мәслихаттың жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара іс-қимылын ұйымдастыру мәселесімен айналысып келді.

Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Астанаға 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Қарасай және Балқаш аудандарының  Құрметті азаматы.

 

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях