Мамыр айында кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға пәтерлер беріледі. Сондай-ақ, әлеуметті аз қамтылған отбасыларға «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы 2 пайыздық мөлшерлемен үй беріле бастайды деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылым Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
–Елімізде жалпы 340 мың көпбалалы отбасы бар оның ішінде 28 мыңы тұрғын үй кезегінде тіркелген. Биыл Елбасының тапсырмасы бойынша жеті жыл бойы жыл сайын алты мыңға жуық жалға берілетін үйлердің құрылысына қолдау көрсетіліп, 2025 жылға дейін 40 мыңнан астам пәтер салынатын болады. Осы арқылы үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылардың мәселесі шешілетін болады. Бұл жалға берілетін тұрғын үйлер мамыр айынан бастап беріледі, – деді Роман Скляр үкімет отырысында сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар, министрдің айтуы бойынша аз қамтылған отбасыларға «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы жылдық мөлшерлемесі екі пайыз болатын 20 жылға жеңілдетілген несие енгізіледі. Бұл несие төрт және одан көп баласы бар, мүгедек баласы немесе мүгедек баланы тәрбиелейтін және кәмелетке толмаған балалары бар толық емес отбасыларға берілетін болады. Екі жылда жоғарыда аталған санаттарға 22 мың жеңілдетілген займ беруде жоспарланған. Министрдің сөзіне қарағанда, 22 мың ипотекаға үш жылдың ішінде республикалық бюджеттен 50 миллиард теңгеден бөлінетін болады.