Дербес мемлекет атанған сол бір өтпелі кезеңдердегі қиындықтар мен сынақтардан ел-жұртын адастырмай, аман-есен дамудың даңғыл жолына алып шыққан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 30 жыл бойы жүргізген салиқалы саясатына арналып аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Ел сенімін ақтаған Елбасы» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымының тілшісі.
Тәуелсіз қазақ елінің қасиетті топырағындағы жасампаздық пен елдіктің тікелей бастаушысының атқарған қызметі жайлы жиынға аудандық әжелер алқасының төрайымы Ақылия Бекбайқызы, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, ардагер ұстаз Ақлима Көсемова, «Атамекен» музейінің директоры Аделя Қоржумбаева және ұстаздар қатысты.
[su_custom_gallery source=»media: 10717,10718,10720,10719″ link=»lightbox» width=»150″ height=»150″ title=»never»]
Басқосу барысында музей директоры Серік Қалиев, Ақылия, Шара, Ақлима апаларымыз сөйлеп, еліміз үшін өткен отыз жылдың ғасырға пара-пар болғанын, Елбасының осы орайдағы еңбегі туралы айтып өтті. Елін ұлы көштен қалдырмай, небір қиындықтарды ақыл-парасатымен еңсеріп, дамудың даңғыл жолымен жарқын болашаққа бастап келе жатқан кемеңгер Көшбасшы, Тұңғыш Президент – Елбасының ел мүддесі жолындағы қыруар жұмысы жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбішұлының жетекшілігімен аса маңызды тарихи, саяси, ауқымды экономикалық реформалар жүзеге асырылғанын, мемлекетіміздің сыртқы саясатындағы табандылығы мен даналығының арқасында тұңғыш рет мемлекеттік шекара айқындалып, Ата заңымыз қабылданып, егемендігімізді айшықтайтын мемлекеттік рәміздер – Әнұран, Ту, Елтаңбамыз бекітілгені жайлы да кеңінен сөз болды. Мұнан бөлек олар оның балалық шағы мен мектептегі кездері жайлыда толығырақ айтып өтті.
Жиын Елбасының қызмет жолы бейнеленген көрмені аралаумен аяқталды.