Өнер деген ұлы әлемге кішкентайынан құлшына қанат қағып, Алла берген дарынымен, асқақ дауысымен тыңдармандарын таң қалдырып қоймай, айтулы ән бәсекелерінде қомақты жүлделерді қанжығасына байлап жүрген Нұрлыбек Сапарбайдың жұлдызы жақында тағы да жана түсті.
Шамалған бекетіндегі қазақ орта мектебінің 5-сынып оқушысы, өнер студиясын ашып, жас дарындардың жолына жақсы бағыт беріп жүрген тәжірибелі вокалист Қалбибі Абдуллаеваның шәкірті Алматыда өткен әйгілі республикалық «Бала дауысы» фестиваліне қатысып бірінші орын биігінен көріне білді.
Айта кетсек, жазда өткен іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен Нұрлыбек қазан айында «Жұлдыздар үйінде» тұрды. Онда түрлі мамандардан тәлім алып, байқаудың қыр-сырына машықтанды. 27-сі мен 29-ы аралығында үш күн өткен ән додасында еліміздің барлық өңірінен жиналған кіл мықтылар арасында сайысқа түскен оған жерлестері барынша қолдау білдірді.
Алғашқы кезеңде Нұрлыбек танымал эстарда жұлдызы, жобадағы тәлімгері Мәдина Садуақасовамен қосылып «Жұлдыз» әнін шырқаса, екінші кезеңде қарсыласымен бірге «Қарағым-айды» тамылжыта орындады. Әсіресе, осы кезде қазылық етіп отырған өнер майталмандары Парвиз Назаров, Карина Абдуллина, Жеңіс Сейдоллаұлы және Майра Мұхамедқызы оның дауыс мүмкіншілігіне тәнті болып, оң бағасын берген.
Ал, соңғы бөлімде қатысушылар шетел тілінде әлемдік хит әндермен сахна төріне шықты. Ұстазы Қ.Абдуллаеваның пікірінше, Нұрлыбек бас жүлде алуға да лайық екен. Тек, осы соңғы кезеңдегі ән таңдаудан аздап сүрінген көрінеді. Алайда, ол жоба вокалистерінің шешімі еді. Бірақ, дәл мұндай дүбірлі доданың мәресіне дейін жетіп, әлемге белгілі өнер майталмандарынан мақтау естудің өзі төгілген тердің ақталғанын аңғартса керек. Бұл ретте кішкентай өнерпаздың әжесі Гүлзабира Қосқұлақованың да еңбегін ерекше атап кеткен жөн.
Бірінші орынның биігіне шығып, Диплом, медаль, арнайы кубокты, сыйлықтарды иеленген Нұрлыбек, сонымен қатар, Ресейде өтетін «Планета талантов — 2018» халықаралық байқауына да жолдама алып, жанкүйерлерінің мерейін өсіріп отыр. Болашақта ол бар өнерін рухани жаңғыру жолына түскен егемен елін өркендетуге арнамақ.