Бүгін аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтің төрағалығымен, бөлім, мекеме, комитет басшылары, құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары қатысқан актив жиыны болды. Бұл алқалы жиында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кеше халыққа БАҚ арқылы жолдаған, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы жан-жақты талқыланды. Бас қосуды ашып, жүргізіп отырған Махаббат Садуақасұлы жария етілген бұл стратегиялық тарихи құжаттың барша қазақстандықтар үшін үлкен жауапкершілік жүктейтінін айта келе, соның ішінде атқарушы органдарға артылар жүктің салмағы ауыр болатынын әңгіме арқауына айналдырды. Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтуге, макроэкономикалық тұрақтылықа, адами капитал сапасын жақсарту, институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты басты басымдықтарға ерекше тоқталып, осыған байланысты жергілікті әкімдіктер атқаруға тиіс бірқатар міндеттерді алға тартты.
Сонымен қатар, жиын барысында жарыссөзге шыққан Белинский орта мектебінің директоры Айгүл Кемпірбаева Жолдауда білім саласына қатысты айтылған адами капитал, үш тұғырлы тіл сияқты мәселелерге назар аударып, осыған орай өз пікірін жеткізді. Ал, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ақшолпан Марат Елбасы биылғы бағдарламасында өз ісін басаймын деушілерге де үлкен қолдау білдіріп, несие көлемін арттырып, оны алу жолдарын жеңілдетуді де тапсырғанын тілге тиек етіп, осы бағыттағы жүйелі жұмыстар қолға алынатынын айтты. Ал, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов болса, халық қамы мен келешек кемелдігі үшін жарияланған бұл Жолдаудың бұрынғылардан да жөні бөлек, салмағы артық екенін тілге тиек етіп, барша қарасайлықтар оған қуана қолдау білдіретінін әңгіме арқауына айналдырды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі М.Бигелдиев активке Президент осы стратегиялық құжат арқылы жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға белсене атсалысып, өз ұжымдары мен халық арасында оны насихаттауды тапсырды.