Аудан әкімі қарт майдангерлерді құттықтады

Аудан әкімі қарт майдангерлерді құттықтады

Ұлы Жеңіс мерекесіне орай, аудан әкімі Махаббат Бигелдиев ардагерлерге құрмет көрсетіп, қаскелеңдің қарт майдангерлердің үйіне арнайы барып, құттықтап қайтты.

Алдымен Махаббат Садуақасұлы аудандық мәслихаттың хатшысы Айтбай Көшкімбаев және орынбасары Айжан Назарбаевамен бірге 99 жастағы абыз ақсақал, партизан жазушы Үсенбай Тастанбекұлының шаңырағында болды. Шежіреші қарияның өзінің бар саналы ғұмырында аймақ тарихындағы тұлғалар, ақын-жазушы, еңбек адамдарын келер ұрпаққа таныстырып, олардың өнегесін мұра етіп қалдыруға зор үлес қосқаны белгілі. Аудан әкімімен бұған дейін де әр жүздескен сайын осы қасиетті топырақтан шыққан тарихи тұлғаларды өскелең ұрпаққа үлгі ету қажеттігін ұдайы айтып отыратын. Сол артылған үміт пен сенімді ақтаған Махаббат Садуақасұлы қарияға Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бұл бағыттағы істерді жандандыра түсуге түрткі болғанын жеткізді. Атап айтқанда, көпшілік көңіліне орныққан 400-ден астам әннің сөзін жазған жерлесіміз Нұрсұлтан Әлімқұлов жайлы кітаптың тұсауы кесіліп, Бірінші Май ауылдық округінде Жетісу жерінен шыққан халық қаһарманы Бекболат Әшекеевке арнап саябақ ашылғанын әңгіме арқауына айналдырды. Саябақтың суреттерін көріп, жаңа кітапты қолына алған қария қуанышты көңілмен ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Сондай-ақ, келесі жүзге қадам басып келе жатқан соғыс ардагері Федор Федотов та көрсетілген құрметке деген қуанышын жасырмады. Майдан даласындағы естеліктерімен бөлісіп, егемен елімізге бейбітшілік, халқына бақыт тіледі.

Ал, Елбасының ұстазы, Алматы облысының Құрметті азаматы, былтыр ғана ғасыр тойын тойлаған Сейітхан Ахметұлымен жылы жүзді жүздесу ақ дастархан басында жалғасын тапты. Сол бір сұрапыл жылдары кең даланы қанға бөккен майданның әр  нүктесінде отандастарымыз болғанын, өзі Днепр өзеніндегі қақтығыста азаттық үшін айқасқа түскенін әңгіме қылған абыз ақсақал бүгінгі жас ұрпақ бейбітшіліктің қадірін жақсы білуі керектігін сөз етті. Ата-бабалар үшін арман болған Тәуелсіздіктің тұғырын берік қалай білген шәкірті Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегін сүйсіне тілге тиек етіп, Мәңгілік Ел болу үшін халық арасындағы береке-бірліктің арта беруі қажеттігін айтты. Ауданда әр салада қолға алынып жатқан жұмыстарға жақсы бағасын беріп, қасиетті Қарасай жерін өркендетуге күш салып жүрген Махаббат Садуақасұлы бастаған азаматтарға алғысын жеткізді.

Аудан әкімі үш ардагерге де гүл шоғы мен азық-түлік себетін, сондай-ақ, жақында шыққан Н.Әлімқұлов туралы кітапты тарту етті.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях