Қарасайдағы әз Наурыз (Видео)

Қарасайдағы әз Наурыз (Видео)

Көктемнің көрікті мерекесі – әз Наурыз да келіп жетті, ағайын! Жыл басы болып саналатын Ұлыстың ұлы күнінде өкпе-реніштер ұмытылып, ақ тілектер ақтарылып, табысу, көрісу, сияқты ізгілікті амалдар көрініс табады. Дәл осындай құтты қадамдармен астасып жатқан мерейлі мереке қасиетті Қарасай жерінде де дәстүрлі түрде тойланып жатыр.

Күллі қарасайлықтар биылғы Наурыз мерекесін аудан орталығы Қаскелең қаласында орналасқан №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің орталық стадионында  атап өтті. Алғаш рет ауқымы кең жасыл алаңда жиналған қонақтардың қарасы көп болып, мейманымен жарасқан мейрам ерекше думан тойға ұласты. Сахнаның сәні келісіп , мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер әз Наурыздың көркін қыздырды.

Салтанатты шарада аудан әкімі Жандарбек Далабаев жиылған көпшілікке ақ тілегін арнап, берекелі Наурыз мейрамының ерекшелігі жайлы сөз етті.

Жүрек жарды жылы лебізін арнаған соң аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өркендеуі жолында еңбек еткен бірнеше белсенді азаматтарға «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағын табыстады.

Айтулы күннің есте қалар сәттері мұнымен аяқталған жоқ. Орталық алаңда мерекеге орай түрлі ұлттық спорттық ойындар өткізіліп, шараның көркі қызықты қойылымдармен де жандана түсті. Көптің көңілінен шығатындай мұнда алтыбақан мен батуттар орнатылып, жеткіншектер мен бүлдіршіндердің де жүздері қуанышқа кенелді.

Наурыз мейрамы – қазақ елін мекен еткен басқа да этностардың ортақ мерекесі болып саналатыны белгілі. Бүгінгі көрікті мереке қарсаңында бауырлас ағайындар да ұлыстың ұлы күнін шаттық сезімде қарсы алып, ақ тілегін жеткізіп жатты.

Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, береке мен ырыстың арқауы болған Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз құтты болсын!

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях