Ағынды Ақсу жерінде Ілияс ақынның еңселі ескерткіші орнатылды

Ағынды Ақсу жерінде Ілияс ақынның еңселі ескерткіші орнатылды

Жуырда,  жыр жампозы, қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына орай туған жері Алматы облысының Жансүгіров кентінде ақынның 5 метрлік еңселі ескерткіші орнатылды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облысының әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Дүбірлі тойдың беташары болған салтанатты шараға облыс әкімі Амандық Баталов, Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері, меценат Жақсылық Үшкемпіров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, танымал журналист Нұртілеу Иманғалиұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек және бірқатар қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, аудан халқы қатысты.  Ескерткіштің шымылдығы түсіріліп, ақынға тағзым шаралары атқарылғаннан кейін сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов дүбірлі тойдың басталуымен барша қауымды құттықтады.

Мұнан соң сөз алған ардагер журналист Нұртілеу Иманғалиұлы қазақтың маңдайына біткен үш арысының – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің бөлінбейтін үш тұғыр екендігін еске сала отырып, бұл мерейтойдың ілиястану саласына тың серпін, жаңа бір тынысын ашып бергенін айтты. Сондай-ақ, ескерткіш алдында ақын тойына жолдаған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың құттықтау телеграммалары оқылды. Бұдан әрі той Жансүгіров кентіндегі орталық стадионда театрландырылған шарамен жалғасты. Ақынның «Құлагер» шығармасы белгілі режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Сәулебек Асылханұлының сценариімен дайындалып, режиссерлігімен сахналанды. Осы күні спортсүйер жастар көкпардың көрігін қыздырды. Ақынның аруағына арнап ас та берілді.

Атап өтсек, Жансүгіров кентінің орталық алаңына қойылған еңселі ескерткіштің авторы – Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, мүсінші Қазбек Дулатов. Ал, ескерткіштің дайындалуына меценат  Молдияр Нұрбаев қаржылық қолдау көрсеткен.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях