Біздің ауданда үш-төрт ауылдық округтерде ғана мал шаруашылығына тиесілі жайылымдық жерлер бар. Бүгін сол жер телімдерінің тиімді пайдаланудағы мәселелер бойынша «Nur Otan» партиясының бастауымен комиссия құрылып, жайылымдықтарға рейд жүргізілді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.
Аудандық «Nur Otan» партиясы филиалының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов басшылық еткен комиссия мүшелері алдымен тексеру барысын Жібек жолы ауылдық округінен бастады. Мұнда мал жаюға бөлінген жер ыңғайлы, әрі ауылдан сәл алшақ орналасқандықтан тұрғындарға кедергі келтірмейді екен. Аталған округке тұратын адамдардың 200-ге жуық ірі қарасын бағатын малшылардан да комиссияға шағымдары жоқ болып шықты. Оның үстіне белгіленген аймақтан аспай, жылқы мен сиырды жайып жүрген малшыларға бөлінген жер таршылық етпейтін көрінеді. Ал, Елтай ауылдық округінде жайылымдықпен қамтамасыз етілу деңгейі төмен. Сол жердің малшысы Шаймерден ағаның айтуынша, қазір тұрғындардың сиыры мен жылқысы ауыл маңына жақын аймаққа жаюға мәжбүр. Себебі, жайылымдықтарға бөлінген жер телімдері кезінде белгісіз себептермен жекеменшікке өтіп кеткен. Өзекті мәселені комиссия мүшелері назарға алғандарын айтып, «Nur Otan» партиясының негіз болуымен алдағы уақытта шешілуіне ат салысатындықтарын жеткізді.