Бүгін аудан әкімдігінде жаңа қоныс иелері пәтер кілттерін қолдарына алып, қуаныштарын еселей түсті. «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтар» санатына жататын 20 отбасын аудан басшысы Жасұлан Естенов құттықтады, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Баспана бақытына бөленген жандарға аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы алдымен жылы лебізін білдіріп, жеке-жеке пәтер кілттерін табыс етті.
Қуаныш иелері бұл сәтті ерекше қабылдап, аудан басшысы бастаған әкімдіктің ұжымына алғыстарын білдірді. Ризашылығын жеткізгендердің қатарында зейнеткер Жазықбала Асқанбаева да бар.
– Пәтер иелерін шын жүректен құттықтаймын! Осы сәтті 12 жыл күткен едік. Осынша уақыт кезекте тұрып, бүгін сәті түскеніне өте қуаныштымыз. Халықтың жағдайын ойлайтын Президенттен бастап аудан әкіміне дейін жұмыстары үшін ризашылығымды білдіремін. Ауданымыз әрдайым биіктен көрініп, дами берсін, – деді жаңа қоныс иесі Жазықбала әжеміз.
Айта кету керек, бұл тұрғын үйлер баспанаға мұқтаж жандарға Қаскелең қаласында орналасқан «Қарлығаш» тұрғын үй кешенінен, сондай-ақ сатып алу құқығынсыз жалға беріледі. Яғни Үкіметтің «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» қаулысына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттен 20 пәтер сатып алынды.
Пәтер кілттері тұрғын үй кезегі бойынша келесі санаттарға бекітілді: «І және ІІ топтардағы мүгедектігі бар адамдар», «толық емес отбасы» және «жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер».