Желіде Жамбыл облысы Луговой гарнизонының әскери бөлімінде сарбаздардың тағамына қатысты видео қызу талқыланып жатыр. Болған жайтқа байланысты Қорғаныс министрлігінің өкілдері түсініктеме берді, — деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Видео Instagram желісіндегі ztb_kz тобында пайда болды.
«Қазақстан әскерінде қызметін өтеп жүрген сарбаздар оларға шын мәнінде қандай тамақ беріліп жатқанын көрсетті. Олар біртүрлі тағам түрін видеоға түсіріп алды. Сондай-ақ сарбаздардың сөзінше, оларға кейбір азық-түлік те жетпейтін көрінеді», — делінген жазбада.
Видеоны көрген желі оқырмандары да таңданысын жасырмаған.
«Түрмедегі адамдардан жаман екен ғой тамақтары», «Әскер мықты болмаса, ел ешқашан мықты ел бола алмайды! Алдымен бізді қорғайтын сарбаздар тоқ болуы керек!», «Осыдан кейін жастарға «неге патриот емессің?» деп сұраудың керегі жоқ», — деп жазды Желі қолданушылары.
Ал Қорғаныс министрлігі өкілдерінің мәліметінше, оқиға 2019 жылы Луговойдағы әскери гарнизонда болған екен.
«Бұл жазба 2019 жылы Луговой гарнизонына қарайтын әскери бөлімдердің бірінде түсірілген. Қазақтан Республикасы қарулы күштерінде әскери қызметшілерді тамақтандыруды конкурстық аутсорсинг арқылы жеңіп алған ұйымдар жүзеге асырады. Бөлімдердің басшылығы тамақтандырудың толықтығы мен оның сапасын бақылауда ұстайды. Өкінішке қарай, кейбір сапасыз қызмет көрсету жағдайлары болып жатыр. Әрбір жағдай талқыланып тиіс талаптар қойылып жатыр», — дейді Қорғаныс министрлігінің ақпарат және коммуникациялар департаментінің өкілі, майор Ғани Нүсіпов.
Нүсіповтің сөзінше, бұл дерек бойынша, 2019 жылы шара жүргізіліп, Луговой гарнизонында тамақтану сапасына қатысты мәселе шешілген.