Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бүгін Жетісу өңіріндегі бірқатар спорт мектебіне автокөлік кілттерін табыстап, осы салада еңбек етіп жүрген азаматтарды марапаттады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәртебелі марапат пен сый-сияпаттардың барлығы Талдықорған қаласында өткен 2020 жылдың қорытындысы бойынша спорт саласының үздіктерін құттықтау сәтінде берілді.
Темір тұлпарға ие болған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің арасында біздің ауданның «Үшқоңыр» спорт мектебі де бар. Дәурен Төлеген басшылық ететін ұжымның осы уақытқа дейін атқарған еңбектері бағаланып, материалдық-техникалық базаларын жақсарту мақсатында шағын автобустың кілті бұйырды.
Санитарлық талапқа сай ұйымдастырылған шара барысында өңірдің спорт саласындағы жеткен жетістіктері жайлы бейнеролик көрсетіліп, жеңісті жолдары таныстырылды.
Облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы бүгінгі таңда барлық жастағы азаматтар арасында бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударылғанын айтып, осы мақсатта Қарасай және Ескелді аудандарында заманауи талапта денешынықтыру-сауықтыру кешендері ашылғанын да тілге тиек етті. Сонымен қатар, А.Баталов осы салада табандылық танытып жүрген спортшы жандарға ізгі тілегін білдіріп, үздіктерді өз атынан Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын, арнайы дипломдарды және 300 мыңнан 2 млн. теңгеге дейінгі ақшалай сертификаттарды тапсырды.