Бала дарынды, өнерлі, талантты және жан-жақты болса, оған да таңқалмасқа болмас. Бүгін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесінде сондай жас таланттардың бірі – Қаскелең қаласының кішкентай ғана тұрғыны, «Брусничка» балабақшасының тәрбиленушісі Ақелік Есенәлі туралы айтатын боламыз.
Бұл қыз сырт көзге сондай нәзік әрі кішкентай. Жас небәрі бес жаста. Қазақ ақындарының інжу-маржан өлеңдерін үш жасынан құлағына құйып өскен Ақелік қазір олардың жиырмаға жуығын жатқа біледі. Өзі әнді де айтады, би билейді, мәнерлеп өлең оқиды. Тілі шыға бастаған Ақелік ән айтуға құмар болыпты. Естіген әнін бірден жаттап алады, көргеніне қызығушылық танытып, білмегенін сұрап алатын әдеті тағы бар екен. Осылайша, кішкентайынан жырға құмар бүлдіршін А.Құнанбайұлы, Ы.Алтынсарин, М.Мақатаевтың тағы да басқа ақындардың шығармаларымен таныс болады. Уақыт өте көлемі үлкен өлеңдерді де бірден жаттап қабілеті таныла бастайды. Тіпті, әкесі Орман мен анасы Ақмаралдың дастархан басында, қасиетті жұма күні айтып отыратын Құран сүрелерін де бір естігеннен есіне сақтап алып, қазір мүдірместен айтып жүр. Ата-анасының, сөзінше сүрелерді кішкентай қыздарына арнайы үйретпеген, қағілез қабілетінен болар деп болжайды.
Ақелік өзімен бірге баратын балабақшадағы балалардың арасында да сабырлы, салмақты мінезімен ерекшеленеді екен. Райхан Әлібекова басшылық ететін «Брусничка» балабақшасының ересек тобының тәрбиешілері Дана Дүрменова мен Гүлнұр Жақыпова өнерлі бүлдіршінмен мақтанатындықтарын айтты. Осындай қабілеттерін байқаған тәрбиешілері де өткен жылдан бастап дарынды бүлдіршінді онлайн жыр байқауларына қатыстыра бастаған. Нәтижесі де жаман емес. Мәселен, ІХ Халықаралық балалар, жасөспірімдер мен ересектерге арналған «Жас дарын» өнер додасында 1-дәрежелі лауреат, республикалық «Дала сазы» байқауындағы «көркем сөз» номинациясы бойынша 1-орын, «Өнерлі өркениет» республикалық сайысында «сахналық көрініс» номинациясы бойынша диплом және тағыда басқа облыстық, аудандық жыр байқауларында марапаттарды иеленген.
Өнерлі балақайдың ерекше арманы да бар. Ол өскенде дәрігер болып, кішкентай балаларды түрлі аурулардан емдеп жазғысы келеді. Ендеше, арманың орындалсын дейміз! Ақелікке тек сәттілік тілейміз! Шырағың сөнбесін, өнерлі балақай!
-
Что еще почитать
-
Что еще почитать
-
Что еще почитать
-
Что еще почитать