Мәдениет ұйымдарының қызметкерлері медициналық маска тігу акциясын бастады

Мәдениет ұйымдарының қызметкерлері медициналық маска тігу акциясын бастады

Орталық комиссия қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова еліміздің өңірлеріндегі мәдениет ұйымдарының қызметкерлері медициналық маска тігу акциясын бастағандығын мәлімдеді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы inform.kz сайтына сілтеме жасап.

– Жұмыла көтеріп, талай жүкті жеңілдеткенбіз. Бұл сынақтан да елдегі бірлік пен келісімнің арқасында сүрінбей өтерімізге сенемін. Қазір тұтас жер-жаһанды теңселткен коронавирусқа қарсы науқанға әркім қолынан келгенше үлес қосып жатыр. Біздің министрлікке бағынышты білім беру мекемелерінің жатақханалары індетпен күреске бел шешіп кіріскен дәрігерлердің, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскерилердің жұмылған жұмысына тамшыдай үлес қосуда. Еліміздегі індетке қарсы күрестен біз де шет қалмадық. Министрлікке қарасты республикалық мәдениет ұйымдары 21-наурыздан ауруханаларға, қаланың әлеуметтік мекемелеріне және өз қызметкерлері үшін медициналық маска тігу акциясын бастады, – деді министр.

Мәселен, бүгінгі күні мәдениет ұйымдары өз күшімен барлық санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтай отырып, 15 мыңнан астам көп рет қолданылатын масканы тиісті ұйымдарға тапсырған. Сондай-ақ, өңірлік мәдениет ұйымдары да осы акцияға қосылып, 20 мыңнан астам маска тіккен.

– Сонымен қатар, министрлікте бағынышты ұйымдар материалдық жағдайы төмен азаматтарға азық-түлік, дәрі-дәрмек, материалдық көмек көрсетіп келеді. Бүгінгі брифингте сөзімді ақ халатты абзал жандарға алғыс айтудан бастадым. Қазір дәрігерлерге ақындарымыз өлең арнап, композиторларымыз, тіпті мамандықтары өнерден алыс адамдар да қолдап, өз туындыларын шығарып жатқандығын түрлі ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден естіп, көріп жүрсіздер. Осы күрделі сынақты кезеңде еліміз ауызбіршілік сабырлық арқасында барлық қиыншылықтардан бірге еңсеретінімізге сенімдімін! – деді Ақтоты Райымқұлова.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях