Қарасай ауданы бойынша әкімшілік талаптардың көбісі Қаскелең қалалық және Райымбек, Ұмтыл, Елтай ауылдық округтерінің әкімдіктеріне түсіп жатыр. Осы мәселе бүгін Алматы облысы мамандандырылған әкімшілік сотында қаралды, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымының тілшісі.
Бүгінгі таңда жергілікті әкімдікке жүгінген қараша халықтың кейбір сұрақтары «сол жерде емес, сот арқылы шешілу керек» деген принцип қалыптасқан. Алматы облысы мамандандырылған әкімшілік сотының судьяларының айтуынша, бұл қағида дұрыс емес. Дәл осы мәселе ауданымызға қарасты барлық қала және ауылдық округтерінің әкімдері мен олардың орынбасарларының қатысуымен дөңгелек үстел басында талқыланды.
Жиынды Алматы облысы мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Мэлс Идирисов жүргізді.
Ресми мәліметке сүйенсек, Алматы облысы мамандандырылған әкімшілік сотының өндірісіне 2022 жылы осы уақытқа дейін 865 талап түскен. Оның ішінде Әкімдіктің әрекеті немесе әрекетсіздігіне 297 шағым болған.
Осы мәселелерге қатысты судьялар қауымы өз кеңестерін беріп, заң аясында жұмыстарын жүйелі жүргізуін сұрады.
Ал әкімдік өкілдерінің көбісі кейбір сұрақтарға жауап беру мүмкін болмағандықтан, сотқа жіберуге мәжбүр екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ олар тұрғындарға заң аясында кеңес беретін, нақты мәлімет бере алатын заңгер мамандардың қажеттігін түсіндірді. Бұл ұсынысты Алматы облысы мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Мэлс Идирисов құптап, осы жөнінде облыс әкімдігіне сұраныс білдіретінін айтты.
Басқосу соңында көптеген мәселе алдағы уақытта тағы талқыланатыны айтылып, соған байланысты басқа да құзырлы органдардың қатысуымен ауқымды жиын өтетіні белгілі болды.