Қазір «бірдеңе істеу керек еді, бір кәсіп бастау керек еді» деп жүрген замандас көп. Біршамасы әлі сол оймен жүр. Бірер жыл болса жақсы, талайы бес-алты жылды артқа тастады. Әлі бірдеңе бастамақ, бірдеңе істемек ойда. Осындай кісілерге ескелділік Бағдат Серікқожаев үлгі. Бұл кісі несімен ерек? Ескелді ауданының тумасы біздің өңірде жоқ кәсіпті тізгіндеп отыр. Қандай кәсіп деуіңіз тағы тұр. Б.Серікқожаев бөдене өсірумен айналысады. Ескелді ауданында құстың осы түрін өсіретін үлкен ферма да осы кісінікі, деп хабарлайды naqty.kz желілік басылымның тішісі.
Жалпы, салауатты өмір салтын ұстанатын әр азамат дұрыс тамақтану жайын жіті назарда ұстайды. Көптеген азықтық өнімдер адамға қажетті тағамдық құндылықтарды бере алмайды. Содан болар, көп жұрттың ағзасы сыр беріп, амалсыз дәрілік препараттарды пайдалану ұлғаяды. Дәрумендер мен минералды кешендер жетпеген адамның аурушаң келетінін көзі қарақты жұрт біледі. Соңғы уақытта дәрігерлер адамдардың бойында дәрумендік тапшылықты айтып дабыл қағуы да тегін емес. Бақсақ бақа деген, жұртшылықтың пайдалы азықтан гөрі пайдасызына қол созатын өздері екен. Адамға пайдалы азықтар сапында құс етінің көш бастауы тегін емес. Құс етінің ішінде бөдене еті мен жұмыртқасы талай дерттің шипасы, талай аурудың дәруіші екен. Мұны ескерген кей алпауыт елдер бөдене еті мен жұмыртқасын пайдалануды заңмен бекітіп, тұрғындарын осы тағаммен қамтуды бірінші орынға қойған. Мәселен, Жапонияда оқушылармен күнделікті бөдене тұқымдарын қолдануы мемлекеттік заңдардың қатарына қосылған. Бөденені өсіруді де алғаш қолға алған жапондықтар болатын. Сарапшылардың айтуынша, алдағы уақытта бөдене тұқымдарына деген сұраныс төрт есе асады. Жобада ет нарықтары, әмбебап дүкендер, кафе, мейрамханалар және басқа да тамақтану ұйымдары арқылы өнімді өткізу ұсынылып отыр. Құс шаруашылығы елімізде барынша дамығанымен, бөдене кәсібімен айналысу аса қарқынды емес. Алайда талай жұртқа таңсық кәсіпті Ескелді ауданындағы Ешкіөлмес елді мекенінде Бағдат Серікқожаев айналысуда. Кәсіп иесімен тілдесу барысында сұрағымыз: «Неге бөдене өсіру?– » дегеннен басталды. Шыны сол өнімділігі жоғары әрі аса сұранысқа ие тауық шаруашылығы емесіне таңданыстық. Сонда Б.Серікқожаев бөдене шаруашылығының қыр-сырын жіпке тізгендей баяндап берді.
— Бұл отбасылық кәсіп негізі. Әу баста қандай кәсіп бастаймыз деген сауал болды. Әуеліде мал шаруашылығымен айналыспақ болдық, бірақ ата кәсіппен шұғылданушылар жетіп артылады. Бәсекелестік орта деген бар. Содан бұл ойдан арылдық. Одан кейін өнімділігі жоғары тауық өсірумен айналыспақ болдық. Әсіресе, өнімі жоғары бройлер өсіруге бағытталдық. Бақсақ, бройлер өсіру оңай шаруа емес екен. Тауықтың бұл түрі аурушаң әрі әлсіздеу келеді. Ойлана-ойлана келе, бөдене шаруашылығына тоқталдық. Бөдене өсіру де оңай шаруа емес. Бірақ бөдене жұмыртқасы қаназдыққа, бас және тыныс жолдары ауруларына, өкпенің қабынуына, қан қысымын реттеуге, асқазан-ішек ауруларына, тіптен бұдан да көп ауруларға ем бола алатынын білетін шығарсыз. Әсіресе, асқазан жарасы мен гастритке таптырмас ем. Дамыған елдерде бөдененің еті мен жұмыртқасы мектеп асханаларының мәзіріне енгізілген. Алайда, бізде бөдене шаруашылығы ондай деңгейде әлі дамымаған. Сондықтан бөдене өсіру бүгінгі заман талабына сай өндірістің түрі болып отыр, — дейді Бағдат Серікқожаев.
Бағдат Серікқожаевтың сөзіне сенсек, бұл кәсіпті ақша табу үшін бастамапты. Бөдененің еті мен жұмыртқасының пайдасы мол дегенді естіп, біліп жүрген. Содан қазіргі кәсіпкер, сол уақыттағы қызығушы кісі қызығушылықпен басталған шаруа қазір алып фермаға айналған. Алғашында тосыннан бөдене өсіруді қолға алғанда жұрт таңырқай, апырай бұл құсты қалай өсіріп, өндіреді екен дегендер көп болыпты. Шын мәнінде кәсіп бастаймын дегенге істің көзін табу маңызды. Тапқан соң кәсіпті бастау бар.
Бағдат Серікқожаевтың сөзіне сенсек, ферманың сыртқы жабыны аспан асты елінен, бөдене өсіруге керекті жабдықтар Украинадан алынған екен. Алғашында ферма иесі жабдықтарды ғаламтор жүзінен іздепті. Тіпті, Украинаға да барып, құралдарды қолмен ұстап, көзбен көріп, көңілге түйіп келіпті. Осылай біршама уақыт таразылап, қазіргі жабдықтарды таңдаған соң, оны орнатуға Андрей есімді украин жігіт келіп, бәрін құрастырып беріпті.
Бүгінде ферма 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. 100 мың құстың бабын осынша адам табады. Бөдененің өзін қамап ұстамаса, бос жүріп, табыс әкелмейді ғой. Арнайы тордың ішінде тұрады. Ферма иесінің сөзіне сенсек, бөдененің бабы жұмыртқадан басталады екен. Бүгінде құс фермасында 57 мың жұмыртқа сиятын инкубатор бар. Құрылғыға салынған жұмыртқа 17 күнде балапанға айналады. Бөдене тез өсетін құс екен. Алғашқы бір аптаның ішінде бөдене балапаны үш есеге салмақ қосып, бір айда 15 есе ұлғаяды. Фермада құс бір айдан соң жынысы анықталып, іріктеледі екен. Бір қызығы бөдене бір жыл ғана өнім беріп, одан кейін ет бағытына жөнелтіледі. Бірақ, «Сәлем-Құс» фермасы анау айтқандай құс етін өндірмейді. Себебі, бұл ферма ет бағытындағы емес, жұмыртқа өндіретін құрылым. Дегенмен, Ескелдідегі құс фермасының аумағында күніне 300 құс соятын арнайы цех бар.
Бағдат Серікқожаевтың айтуынша, бүгінде ферма күніне 25 мың жұмыртқа өндіреді. Сол өндірілген жұмыртқа арнайы көлікпен Алматы, Талдықорған, Қапшағай қалаларына жеткізіледі. Қазір ферма өніміне оңтүстік облыстардан бөлек батыс өңірлерден де түсіп отыр. Себебі «Сәлем-Құс» фермасы жайында күллі Қазақстан біледі.100 мың құстан өнім өндіретін құс өндіретін құрылым күніне 3 тонна, айына 60 тонна жемді пайдаланады. Бағдат Серікқожаев құс жемін өндіруді де ойлап жүр. Арнайы егістік алқабын да алмақ болған. Егіс алқабы да табылыпты. Алайда жер ферма орналасқан аумақтан шалғай орналасқан екен. Содан бұл ой жүзеге аспапты. Бірақ, фермаға жақын маңнан жер табылса, құс азығын өндіруді қолға алмақ…