Нұр-Сұлтанда Жеңіс күні қарсаңында Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдиновке ескерткіш ашылды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ескерткіш Сарыарқа даңғылы бойында, Талғат Бигелдинов көшесінің қиылысына орнатылды. Жоба бойынша мүсінші Нұрлан Далбай мен сәулетші Расул Сатыбалдиев жұмыс істеді. Ескерткіш қоладан және граниттен жасалды. Онда Талғат Бигелдинов Ұлы Отан соғысы жылдарында жас ұшқыш ретінде, ал кеудесінде медальдары бейнеленген.
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Талғат Бигелдиновтің балалық шағын тілге тиек ете отырып, жетімдіктің тауқыметін ерте көргеніне қарамастан ел азаматы болып, халықтың мақтанышына айналғанын, «қатардағы ұшқыштан эскадрильяның үздік командиріне дейінгі жолдан өткенін атап өтті.
Талғат Бигелдиновтің қызы Галина бұл күн ардагердің туыстары үшін де, барша қазақстандықтар үшін де қуанышты күн екенін атап өтті.