Ойы орнықты, келешегіне нық сеніммен қарайтын жас адамның алдына қойған өз мақсаты болары анық. Ол сол жолда әрдайым табандылық танытып, көздегеніне жетпей тынбайды. Мемлекеттік қызметтің, былайша айтқанда, «жілігін шағып, майын ішкен», әкімдіктегі қызу тіршіліктің «қара қазанында» қайнап, бүгінде мол тәжірибе мен рухани азық жинай алған азаматтардың бірі Серік Үмбеталиев. Ол 2009 жылдан бастап, осы уақытқа дейін ауылдық атқарушы органның қабырғасында ерінбей, талмай еңбек етуде. Еңбек жолын мемлекеттік ветеринарлық инспектордан бастаған білікті маман, бүгінде әкімдік қабырғасында 11 жыл бойы үлкен жауапкершілікпен қызмет атқарып келуде. Қазіргі кезде ол Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүр.
1981 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қазыбек Бек бекетінде дүние есігін ашқан Серік Қалижанұлы кішкене кезінен-ақ ерекшеленген. Сондай ұдайы ұмтылысының арқасында ол 1998 жылы Алматы қаласындағы Ұлттық Аграрлық институтын да «кедендік ветеринарлық экспертиза» мамандығы бойынша білім алған.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Серік Үмбеталиев әрдайым өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты орындап, қай шаруаға да ептілігін, ұқыптылығын және белсенділігін байқатқан. Бойыңдағы талпынысы талай биіктерге жетелеп, мерейінің өсуіне сеп болмай ма! Сол сияқты Серік аталмыш маманнан тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және салық түсірілімі саласындағы округ әкімінің орынбасарына дейін көтеріліп, Іргелі округінде биыл екінші жыл қызмет етіп келе жатқан жайы бар. Бірақ, ол ешқашан жетілдім, кемеліме келдім деп шалқайған емес. Керісінше, әлі де ізденіс үстінен табылып, өзіне пайдалы, өзгелерге керек дүниелердің қыр-сырын ақтарғанды жаны сүйеді. Қазір, тарих қойнауына сіңіп кеткен кешегі күндерді ой елегінен өткізе отырып, кейіпкеріміз әкімдік шаңырағының астындағы өмірі өзінше бір үлкен тәрбие мектебі екенін алға тартады. Өз мамандығын ерекше жақсы көретіндігі, ісіне мығым маманның ел алдындағы еңбегі елеусіз қалған емес. Аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды. Сүйікті жар, үлгілі отағасы бүгінде екі ұл мен бір қызды әкелік мейірімділігімен тәрбиелеуде. Міне, қазыналы Қарасай жерінің өсіп-өркендеуі жолында елеулі еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшінің бірі Серік Үмбеталиев жайында айтпағымыз осы еді.