Дүйсенбі күні аудандық мәдениет үйінде теріс діни ағымдарды жетегінде жүрген азаматтардың тағдырын сипаттайтын, қоғамға үлкен ой салатын жазушы Асылбек Ихсанның «Дертке дауа хақ жолы» атты спектаклі өтті. Мұндай әлеуметтік драма ауданымызда алғаш рет сахналанып, оны Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының ұжымы қойып отыр.
Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстың Мәдениет және Дін істері басқармаларының қостауымен бір ай бұрын аталмыш қойылымының премьерасы болған. Дәл осы спектакль облыстың шалғайдағы аудан-ауылдарында көрсетіліп, оның басты мақсаты халық арасында дәстүрлі дініміз бен ата жолымызды насихаттап, жастардың тура жолдан адаспауына өз үлестерін қосу еді. Онда бүгінгі күні біздің ел үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін өзекті болып тұрған теріс діни ағымдар мәселесі көтерілген.
Жалпы, сценарий желісі бойынша, қарапайым отбасының жалғыз ұлы шетелге оқуға кетеді. Оны білім алуға шақырған бейтаныс кісілер дінге қайшы жолды ұстанған, жастарға психикалық теріс бағытты үйрететін террористік ұйым болып шығады. Олардың арбауына түскен басты рөлдегі Сәбит, өзі қалай экстремист болып, теріс бөтен бағытты бойына сіңіріп алғанын білмей қалады. Үйіне оралғанда ата-анасы баласының дін жолында жүргенін байқайды. Ұзақ уақыт ұстазынан тәлім алған жігіт, анасы пісірген шелпекті де, әкесі оқыған батаны да «ширк», «бидағат» деп мойындамай, барлық намаз оқымайтындарды кәпірге балай бастайды. Мұнан кейін, үйдегілерімен келіспей шетелге қайта кетіп, пейілі жаман ұстазының тапсырмасын орындап жүреді. Сол кезде теріс ағымды насихаттағаны үшін абақтыға қамалып, оны естіген анасы баласының жаман жолға түскенін көтере алмай дүниеден озады. Қаралы хабарды естіп, міне, сол жерде, қасында бірге жатқан кісінің оқиғасына құлақ салып, істеген ісіне өкінеді. Ұстанған бағытының қатерлі екеніне көз жеткізіп, дәлелдерді көріп, барлығын түсінеді, қайтадан хақ жолына келеді.
Ия, автор бұл шығармада бір-біріне мүлде қарама-қайшы екі көзқарас арасындағы тартысты басты назарға алған. Қарапайым қазақ отбасындағы оқиға арқылы жастардың дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кетуі мен тұрмысымызға дендеп еніп, қоғамдық дертке айналып келе жатқандығын өткір сынаған.
Спектакль соңында біз ұйымдастырушы, театр директорының орынбасары Жайық Тазабекұлымен тілдесіп көрген едік. Оның айтуынша соңғы кездері экстремисттер бейбітсүйгіштікке, ұстанымдылыққа баулитын және өзге діни көзқарастарға түсіністікпен қарауға тәрбиелейтін ислам дінін бұзуға, басқа діндермен қақтығыстыруға талпынуда. Осы арқылы тек дінаралық татулықты емес, сонымен қатар, мұсылмандар арасында да іріткі салуда екен. – Соған қарамастан біз ата буын, аға буын жастарымызға дәстүрлі дініміздің маңыздылығын терең айта беруіміз қажет, — дейді Ж.Тазабекұлы. Одан бөлек, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек дегенін атай отырып, XXI ғасырдағы Қазақстандағы діни ахуалға ерекше көңіл бөлгенін де тілге тиек етті. Сонымен қатар, шындап келгенде, дін зайырлы қоғамымыздың ажырамас бөлігі болып табылатынын айтып, сондықтан құзырлы мемлекеттік мекемелер еліміздегі діни сауаттылықты одан әрі дамытуға әрқашанда мүдделік танытады деген ойымен бөлісті. Сол себепті де сахна өнері арқылы халықты рухани байытып, тура жолдан адаспауларына үлес қосуды ол өздерінің тікелей міндеті деп санайды.
Айта кететін жәйіт, екі аптаға созылатын гастроль облыс әкімінің жеке тапсырмасымен Панфилов, Алакөл, Кербұлақ, Еңбекшіқазақ т.б. аудандарды аралайтын болады.