Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2021 жылдың қаңтарындағы мемлекеттік бюджет қаражатын игермеген өңірлер мен ведомстволарды атады, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік бюджеттің шығысы — 91 пайыз, республикалық бюджеттің шығысы — 94,4 пайыз, жергілікті бюджеттердің шығысы 80,6 пайыз атқарылды. Алайда бюджет қаржысын «дұрыс» игермеген өңірлер бар.
«Жергілікті бюджеттердің шығысы 203 миллиард теңге болды. Атқарылмағаны — 49 миллиард теңге. Биыл өңірлерге 1,9 триллион теңге нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 ақпанға 32 миллиард теңге бөлінген. Олардың 79,3 пайызы игерілген. Атқарылмағаны — 6 миллиард теңге, оның ішінде 2 миллиард теңге — үнемдеу, 4 миллиард теңге игерілмеді. Неғұрлым көп игерілмеу мына өңірлерде: Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола және Атырау облыстарында болды», — деді министр Үкімет отырысында.
Ерұлан Жамаубаев бюджет қаржысын игермеген мемлекеттік органдарды да атап өтті.
«Республикалық бюджет бойынша 1 триллион 212 миллиард теңге шығыстар жүргізілді. Орындалмау 72 миллиард теңге, оның ішінде үнемдеу 7 миллиард теңге болды. Игерілмеу сомасы — 65 миллиард теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомасы мына орталық мемлекеттік органдарда қалыптасты: Қаржы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Төтенше жағдайлар, Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктері», — деді министр.
Айта кетейік, қазір Үкімет отырысында республикалық бюджеттің қаңтар айындағы игерілуі туралы айтылып жатыр.