1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Еліміздің жер жерінен біртұтастықтың, татулықтың жарқын үні шыққан күн. Бүгінгі тыныштығымыз 130-дан аса этнос өкілін біріктіріп, қауіпсіздігін сақтап, басқарып отырған Ұлт Көшбасшысының кемел көрегендігінің, сергек саясатының және көңілі даласындай дархан халқымыздың арқасы. Бұл сонау 1995 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен құрылған баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып келе жатқан табысты істерінің жемісі.
Бұл мейрам біздің ауданымызда да ерекше аталып өтті. Қарасай аудандық әкімдігінің алдындағы орталық алаң сән- салтанатымен безендіріліп, сахна орнатылып, көрермендерге арнап орындықтар қойылды. Мерекелік бағдарламаның шымылдығын татулықтықтың символына айналған қазақтың қасиетті шаңырағын көкке көтеріп шыққан түрлі ұлт өкілдері ашты. Ізін ала жасөспірімдер түрлі халықтық билерді көпшілікке паш етті. Тұрғындар жиналған шарада алдымен аудан әкімі Махаббат Бигелдиев мерекелік құттықтау сөз сөйледі. 32 ұлт өкілідер құрайтын 230 мың халқы бар қасиетті мекенді байсалдылықпен басқарып отырған басшы: «Көп ұлтты Қазақстанның, бүгінгі ұлтаралық татулық пен ынтымақтастық дәрежесі мен деңгейіне көп елдер қызыға қарап, жоғары баға беруде. Мұндай тарихи міндеттерді шешуде Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үлкен жұмыстар атқарып келеді… «Іргесі берік елді жау ала-алмас, ауызы бір елді дау ала-алмас» демекші, бүгінгі мерейлі мерекені аудан халқы, жұмыла жасаған еңбегінің, ынтымағы мен бірлігінің арқасында үлкен табыстармен қарсы алуда. Бүгінгі күнде қол жеткізіп отырған жетістіктеріміздің бәрі, көпұлтты хақымыздың сүттей ұйыған ынтымағында деп білемін. «Көп еңбек еткенге – бақыт басын иеді» деп даналар айтпақшы, аудан экономикасы мен халықтың тұрмыс жағдайын көтеруде, ұлтқа, дінге бөлінбей бірлесіп, бел шешпей еңбек етіп жүрген жерлестеріміздің еселі еңбегін жоғары бағалаймын» – дей келе, барша қарасайлықтарға ізгі ниетін білдірді.
Концерт барысында әншілер әннен шашу шашты, бишілер мың бұралып биледі. Өз кезегінде славян, кәріс, түрік, күрд және ұйғыр этно- мәдени орталықтары да керемет дайындығын көрсетті. Арнайы тамашалауға келген Махаббат Садуақасұлын ұлттық билерімен қарсы алып, қолөнерімен, тағамдарымен таныстырып, дәм ұсынды.
Мереке барысында спорттық ойындар да назардан тыс қалмады. Білекті ер азаматтарды өзара сынап, ынтымағын арттыруды көздеген ұйымдастырушылар жиырма төрт келі тартатын кір тасын көтеруден және қол күресінен сайыс өткізді. Нәтижесінде қара күш иелері жеңіске жетіп, марапатын алды.
Осылайша, бірнеше сағатқа жоспарланған мерекелік бағдарлама аяқталғанымен, біздің мәңгілікке ұмтылған, ынтымағы жарасқан, түрі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір БІРТҰТАС еліміздің достығы жалғаса бермек…