Елімізде жыл сайын 19 қазанда Құтқарушылар күні атап өтіледі. Қазіргі таңда қиын жағдайға тап болғанда адамға қол ұшын созу кез келгеннің қолынан келе бермес. Өзгенің өмірін сақтау үшін өз жанын шүберекке түйіп қызмет етіп жүрген азаматтарымыз қандай мадаққа да лайықты. Осындай жандардың қатарында қазіргі таңда Қарасай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы қызметін абыройлы атқарып жүрген Асқар Мұқашев те бар.
Асқар Талғатұлы Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылында дүниеге келген. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіннің «философия және саясаттану» факультетінің бакалавриатына түсіп, сол мамандықтың магистрлік дәрежесін қорғаған. Қосымша КазҰПУ унверситетінде «заңгер» мамандығы бойынша біліктілігін арттырып, диплом алған. Ойлана келе ол нағыз ер азаматтарға тән қызмет деп құтқарушы боламын деп шешеді. Осылайша еңбек жолын 2009 жылдың тамыз айында Қарасай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде өрт бойынша анықтаушы (дознаватель) болып бастайды. Жұмыс барысында Асқар Мұқашевтің куә болған қиын сәттері, өкінішті өрт оқиғалары өте көп. Тілсіз жаудың «тілін» ұғып, оны тез құрықтаудың жолын тәжірибелі маман ғана ұйымдастыра алады.
Халықтың, мемлекеттің мүлкін, адам өмірін құтқаратын бұл мамандыққа жастардың көпшілігі шыдай бермейтін көрінеді. Дегенмен, Асқар Талғатұлы табандылығы мен қызметіне деген адалдығының арқасында осы салада үздіксіз 12 жыл көлемінде жұмыс істеп келеді. 2009 жылы Қарасай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде өрт-анықтаушы болып орналасқан, 2013 жылы аға инженер қызметінде болып, 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін бас маман болып істейді. Осы мамандықты таңдаған соң, әрі қарай біліктілігі мен білімін жетілдіріпті. Нақтырақ айтқанда, 2017 жыл мен 2020 жылдың аралығында Ресей мемлекетінің Санкт-Петербург қаласында Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет университетінде өз саласы бойынша магистрлік дәрежені қорғап, диплом алған.
Таңдаған кәсібін сүйіспеншілікпен, адал да мінсіз атқаратын кейіпкеріміз бүгінде бір отбасының тірегі. Жары Назгүл Мұқашева екеуі Диана, Асылайым, Алтынай есімді қыздарды және Рамазан атты ұлды тәрбилеп, өсіріп отыр. Бойындағы барлық мінезі мен жұмысына деген жауаптылық ата-анасынан дарыған. Әкесі Талғат Мұқашев Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласында ветеринариялық станция басшысы болса, анасы Гауһар Садыкова сол салада лабораторияда істеп, зейнетке шыққан.
Осындай жерлестерінің жайлы өмір сүруіне оң ықпалын тигізіп жатқан қызметкерлердің еңбегі еленсе игі. Сын сәтте, қиын жағдайда жедел де сауатты қимылдайтын маман құтқарушылардың қызметіне қоғам әрқашан зәру. Кәсіби мерекесі кезінде біз Азаматтық қорғаныс саласында жүрген барлық құтқарушылар қауымын құттықтап, еңбегіне жеміс тілейміз!