Қазақстан халық партиясы ел үкіметіне «мемлекет халық зарын естіп, көруі үшін» есту аппараты мен көзілдірік сыйлайды, – деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
– Бүгінде үкіметке көп нәрсе істеу керек. Оған ақша бөлінеді. Алайда мәселелер мен проблемалар шешілмейді. Адамдар айғайлайды, жылайды, хат жазады – жауап жоқ. Кешіріңіз, мырзалар (Үкіметтегі), жерге түсіңіздер. Бізді еститін мемлекет қайда? Неге мүлдем елемейсіздер… Біз партиядан шенеуніктерге есту аппаратын сыйға тартқымыз келеді. Көзілдірік – олар көруі үшін. Көрген және естіген нәрселерден жүрегі тоқтап қалмауы үшін — валидол, – деді ҚХП өкілі, Мәжіліс депутаты Айбек Паяев партияның кезектен тыс съезінде.
ҚХП-ның үкіметке сыйлығы пошта арқылы жіберіледі.
Еске салайық, бұған дейін де Айбек Паяев шенеуніктерді кері байланыс жоқ деп сынға алған еді. 2021 жылдың қаңтарында Қазақстан халық партиясы фракциясының депутаттары премьер-министрдің кандидатурасына дауыс беруден қалыс қалып, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар өз жұмысына немқұрайды қарай бастағанын мәлімдеді.