Өткен жыл Елбасының жерлестері – шамалғандықтар үшін де есте қаларлықтай оқиғалармен ерекшеленді. Округтің тарихи атауы қайтарылып, жыл соңына таман ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы ашылды. Жолдар тегістеліп, негізгі көшенің айналасы түгелдей абаттандырылды, жаңа электр бағаналары орнатылды. Ауыл жастарының саламатты өмір салтын ұстануға жағдай туғызу үшін үлкен дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің іргетасы құйылып, құрылысы бастау алды. Бұдан өзге де игі істерге жұртшылық куә.
Бүгін Шамалған ауылындағы мәдениет үйінде өткен аудан әкімі Махаббат Бигелдиев пен ауыл әкімі Бексұлтан Ақылбектің тұрғындар алдындағы есебіне арналған жиында осы айтылған және өзге де мәселелер тақырыпқа тұздық болып, атқарылған жұмыстар бағамдалып, алдағы мақсаттар айқындалды. Бас қосуға облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дәркен Нұржанов қатысып отырды.
Тәртіпке сай, алдымен мінберге шығып округтің тыныс-тіршілігінен, әлеуметтік-экономикалық дамуынан жан-жақты хабардар еткен Бексұлтан Ақылбекұлы ауылдың өркендей түсуіне үлкен үлес қосып отырған облыс және аудан басшылығына шамалғандықтар атынан алғысын да білдірді.
Келесі кезекте ортаға шыққан ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Яя Ишигов, ауылдық көпсалалы аурухананың емхана меңгерушісі Нұржан Жапарова, мектеп мұғалімі Мариям Беккаева және ардагер ұстаз Күләш Әмірова да баяндамашының сөзін қолдай келе, кейбір әлеуметтік мәселелерді тілге тиек етті.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Махаббат Садуақасұлы киелі саналатын Шамалған жері алда да өсіп-өркендей беретінін әңгіме арқауына айналдырып, мұнда болашақта өнер мектебі, кинотеатр ашылатынын жеткізді. Халыққа жаңа жылдық жақсы тілегін жолдап, Елбасы кезекті жолдауы арқылы белгілеп берген алдағы міндеттерге ауызбіршілікпен, береке-бірлікте жетуге шақырды.