Құрылғанына бір жылға жуық уақыт болған «Жар- жар» қоғамдық бірлестігі осы сенбіде «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде мерекелік кеш өткізді. «Қозы көрпеш Баян сұлу» аталып, елімізде тойланып келе жатқан ғашықтар күнін таңдаған бұл топтың негізгі мақсаты халықты жинап, көңілдерін сергіту, көршілер арасындағы бауырмалдықты арттыру болды. Көп қабатты үйлердің ортасындағы спорт алаңын безендіріп, сахна орнатқан ұйымдастырушылар әуелете ән шырқап, күмбірлете күй тартып, мың бұралып билеп, көркемдеп өлең оқып және арнайы көрініс те қойды. Өз кезегімен өтіп жатқан кештің сәнін жас жұбайлар жалғады. «Жар- жар» арқылы танысып, үлкен өмірге қадам басқан жастар бойдақтығымен қош айтысып, сол жерде некелерін қиды. Сондай- ақ, күтпеген жерден бір топ мүшесі сөз алып, көңіл жарастырып жүрген қызына жарым бол деп жүзікпен қоса жүрегін ұсынды. Мұның бәрі шараның дәрежесін көтеріп, маңызын еселеді.
Айта кетейік «Жар- жар» қоғамдық бірлестігі жарты жүректі бүтіндеп, жалғыздарды жұптап отбасын құруды мақсат тұтқан жастарды табыстыратын алаң. Топтың «папасы» мен «мамасы» атанған Азамат пен Әсел бірлестіктің дамуы үшін еңбек етіп келеді. Олар өз кезегінде «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің әкімшілігіне, Қаскелең мәдениет коледжінің студенттеріне, өнер көрсетушілерге, демеушілік еткен кәсіпкерлерге және тұрғындарға алғыстарын білдірді.