Алматы қаласында өмірге келгеніне бір ай болған нәресте коронавирустан қайтыс болды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев онлайн-брифингте айтты, — деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.
«Өкінішке қарай, балалар арасында коронавирустан өлім-жітім дерегі көбейіп барады. Бүгінде ауруханада 195 науқас бала жатыр. Ал, үйде — 2540 бала. Екі-үш ай бұрын, «ұлыбританиялық» штамм болған кезде, бұл көктемде болатын, ауруханаларда 30-40 баладан аспайтын. Ең көп жағдай бір апта бұрын болды — 245 бала. Өкінішке қарай, бір өлім жағдайы расталды. «Дельта» штамынан бір айлық нәресте қайтыс болды. Бұл бір ай бұрын болды. Бұл штамм өте қауіпті. Балаларымызға қауіп төніп тұр», — деді Нариман Табынбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда карантин тағы екі аптаға ұзартылғаны хабарланған болатын.