Ел Президенті Сеулдегі Абай бюстінің ашылу рәсіміне қатысты

Ел Президенті Сеулдегі Абай бюстінің ашылу рәсіміне қатысты

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Сеулде Абай Құнанбайұлына қойылған бюсттің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Сеулдағы Кибер университеттің аумағында ашылған ұлы Абай бюстінің ашылуына зор мән беріп, оның Қазақстан мен Корея Республикасының достығын нығайта түсетінін атап өтті.

– Сеул төрінде қазақ халқының ұлы перзенті, ақын Абай Құнанбайұлының бюсті орнатылды. Бұл – корей бауырларымыздың қазақ халқына деген зор құрметінің белгісі, – деді Қазақстанның Президенті.

Бюсттің жобасы Қазақстанда дайындалып, тұтас мүсіні Кореяда қоладан құйылған. Қасым-Жомарт Тоқаев бюсттің Корея астанасындағы университет аумағына орнатылуының маңызды екеніне тоқталды.

– Абай – ұлы ақын ғана емес, кемеңгер ойшыл, әйгілі ағартушы. Сондықтан Абайға арналған бюсттің білім ордасына қойылуы орынды шешім екені сөзсіз. Абай мұрасы – біздің елімізге ғана емес, барша адамзатқа ортақ құндылық. Дала данышпанының «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген сөзі бар. Бұл қасиеттерді корей халқы да ерекше бағалайтынын білеміз. Осы құндылықтардың арқасында қазіргі таңда Корея Республикасы озық дамыған мемлекеттердің қатарына қосылып отыр. Былтыр біз Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өттік. Осыған орай, көптеген ауқымды іс-шаралар ұйымдастырдық. Абай шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылды. Соның ішінде, корей тілінде «Алтын шаңырақта шырқалған ән» атты кітабы жарыққа шықты. Кореяда ұлы ойшылға арналған маркалар әзірленді. Мұның бәрі екі елдің рухани ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсері анық, – деді Мемлекет басшысы.

– Әсіресе, мәдени-рухани саладағы ынтымағымызды нығайттық. Осындай тығыз қарым-қатынас болашақта да жалғасын табады. Қазақстанның жетекші оқу орнында корей тілі оқытылып келеді. Кореялық студенттер де қазақ тілін оқып жүргенін жақсы білемін. Бұл, әрине, көңіл қуантарлық ерекше жағдай. Көптеген қазақ жастары корей университеттерінде білім алуда. Біз білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыра береміз. Бұл өзара байланысты келешекте де достық рухта дамыта түсуге жол ашады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында атсалысқан азаматтарға шынайы ризашылығын білдіріп, Абай мұрасының Корей халқының рухани әлемінен орнын табатынына сенімді екенін айтты.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях