Бүгін Қарасай ауданында Алматы облыстық Қоғамдық кеңестің өз тарихындағы алғашқы конференциясы өтті. Кеңес төрағасы Ескелді Қасымов жүргізген жиынға облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелері, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов, бірқатар облыстық мәслихат депутаттары, ауданның бөлім басшылары және аудандық Қоғамдық кеңестің төрағалары мен мүшелері қатысты, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Конференцияға «Әділдік пен жауапкершілік – қоғамдық бақылаудың өзегі» атты тақырып арқау болды. Оның барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау қаласындағы Ұлттық құрылтайдың маңыздылығы сөз болып, пікір білдірушілер әр салаға қатысты мәселелерді ортаға салды.
Алдымен Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама оқып, Қарасай жерінде атқарылған шаруаларды және алдағы уақытта жүзеге асатын жұмыстардың легіне тоқталды.
Дәл сол сияқты бұл жиында Қарасай аудандық кеңестің жұмыс барысы да айтылды. Оған қатысты кеңес төрағасы Жанат Исағұлов ақпаратымен бөлісіп, аудандық Қоғамдық кеңестің рөлі қашанда зор екенін, оның ықпалымен талай мәселе шешілгенін түсіндірді.
Жалпы жиын барысында түрлі бағытта басқа да мәселелер қозғалды. Атап айтқанда Алматы облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Мәди Ахметов қоғамдық дамудың іргетасы жастар екенін айтып, еріктілердің еленбейтін еңбектеріне тоқталып, бүгінгі таңда оларға тиісті баға берілмей жатқанын жеткізді. Одан бөлек Тынышбай Досымбеков, Дәулет Жарасбаев, Жанна Қырғызалықызы, Зинаш Куштекова, Қазыбек Дәуталиев сынды Алматы облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелері жеке-жеке сөз алып, әр салаға қатысты мәселе көтерді. Оның ішінде ауыл шаруашылық, әлеуметтік, жаңа қоғамның этикасы жайлы өзекті пікірлер айтылды.
Сонымен қатар, бұл конференцияда Іргелі ауылдық округі Аналар кеңесінің төрайымы Раиса Сығаева мен аудандық «АХЫСҚА» түрік этно-мәдени орталығының төрағасы Илимдар Камилов өздеріне қатысты қоғамдық ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстарын баяндап, сөз арасында бірі ұрпақ тәрбиесі, екіншісі бірлік пен келісім, бауырластық жайлы ойларын айтты.
Жиын соңында Қарасай аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелері тарапынан ауданда шешілмей жатқан мәселелерге қатысты сұрақтар қойылды. Оның әрбіріне аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы жауап беріп, кейбіріне облыстық Қоғамдық кеңестің ықпалы барын айтып, қолдау білдіруін сұрады.