Алаяқтар «Қазақтелеком» атынан сайт ашып, қазақстандықтарды алдап жүр, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанда «Қазақтелеком» АҚ атынан әрекет ететін жаңа фишингтік сайт ашылған. Онда пайдаланушыларға елді мекендері, тұрғындары 200 гигабайт тегін интернет-трафик берілетін қалалар тізімінде бар-жоғын «тексеру» ұсынылады. Осыдан кейін оларға бонус алу үшін телефон нөмірлерін енгізу керегі жазылады.
Шын мәнінде, бұл фишингтік сайт. «Қазақтелеком» АҚ ресми порталында мұндай акциялар туралы ешқандай мәлімет жоқ.
– Бұл сілтеме жалған, қазіргі уақытта компанияның қауіпсіздік қызметі және өзге құрылымдық бөлімшелер барлық тиісті шара қабылдап, порталды тексеріп жатыр. Келтірілген қолайсыздықтар үшін клиенттерімізден кешірім сұраймыз және біздің компанияның ресми ақпараты тек telecom.kz порталында ғана жарияланатынын еске саламыз, – деп хабарлады компанияның PR қызметіндегілер.
Екіншіден, сайттың жалған екендігін оның қарапайым дизайнынан, сервермен қорғалған интернет байланысының жоқтығынан және ағылшын тілді пайдаланушылар қалдырған оң пікірлерден байқауға болады.