Еліміздегі оқу орындары арасында «Үздік мектеп-2021» онлайн-конкурсында «Үздік аудандық мектеп» номинациясы бойынша
ауданымыздағы Қаскелең қаласында орналасқан Абай атындағы орта мектеп-гимназиясы бас жүлдені иеленді, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы.
«Qazaqstan Education» оқу орындары басшыларының қауымдастығы» ұйымдастырған бұл байқауға жалпы білім беретін мектептер, лицейлер, гимназиялар қатысты. Республикадағы білім мекемелерінің арасынан оқ бойы озық шыққан ауданымызда орналасқан Абай орта мектеп-гимназиясы бас жүлдеге лайықты деп танылған. Білім мекемесінің директоры, білікті басшы Тұрсын Сайбырова. Аталған мектеп 1937-1938 оқу жылында ашылып, 1 қыркүйекте алғаш рет өз шәкірттерін қабылдаған. Бүгінгі күнге дейін үздіксіз шәкірт тәрбилеу жолында жұмыс істеуде. Осы жылдар көлемінде әркез жоғарғы деңгейден көрініп, көздеген нәтижеге қол жеткізіп келеді. Аудандағы білім сапасының нәтижелі болуына жергілікті атқарушы биліктің де қолдауы себеп болып отыр. Қазіргі таңда мектеп-гимназияда 1922 білім алушы өз дағдыларын шыңдап, 162 педагог өз міндеттерін атқаруда. Мұнда оқушылардың білім алуына, ұстаздардың жұмыс жасауына толықтай жағдай жасалған. Заманауи технологиялармен жабдықталған білім ошағының жетер жетістігі әлі де алда. Сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында ұстаздар қауымы қашан да жүйелі жұмыс жасай бермек.