Жетісу өлкесінде биыл 33 мәдени шара ұйымдыстырылу жағы жоспарлануда. Оның 6-ы республикалық, 17 облыстық, 10 аудандық деңгейде өткізіледі. Мерейтойлардың ішіндегі шоқтығы биігінің бірі Жамбыл Жабаевтың 175 болса, екіншісі ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы «Jetisy media» ақпараттық орталығына сілтеме жасап.
Заманының заңғар тұлғаларының шығармашылығын насихаттау бағытындағы шаралардың шымылдығы түріліп те үлгерді. Мәселен, Жыр алыбы Жамбылға арнап оқушылар арасында онлайн форматта республикалық ақындар айтысы өткізілсе, Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әсем әннен «Жырлайды жүрек» байқауы өз мәресіне жеткен. Аталған ән сайысында ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Рамазан Стамғазиев бастаған бір топ өнер адамдары қазылық еткен. Жеңімпаздардың есімдері бүгін, яғни, 9 ақпан ақынның туған күнінде белгілі болады.
Сонымен қатар, қос саңлаққа арналып кітап та шығарылды. Атап айтқанда, Әлихан Қалижанның қаламынан туындаған «Жамбыл» кітабы жарық көрсе, «Возвращение ласточки» деп аталатын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері орыс тіліне аударылды. Ақынның өміршең өлеңдерін аударған Орынбай Жанайдаров. Мәдениеттің мәйегі болған кітаптар 500 дана таралыммен жарық көріп отыр.
Алматы облыстық мәдиениет басқармасының басшысы Мәрлен Қапашұлының айтуынша, мерейтойдың аясында қос ақынның туған өлкесі көркейе түспек. Сәйкесінше, туған жерлерінде біршама жолдар жасалынып, әлеуметтік нысандар жөндеуден өтіп, Мұқағали Мақатаевқа Райымбек ауданында ескерткіш орнатылатын болады. Дәл сол сияқты Жамбыл Жабаевтың мұражайында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Алты алаштың арда азаматтарын ұлықтау ісі мұнымен толастар емес. Жаз айларында кәсіпқой суретшілер арасында «Жамбыл бейнесі», «Мұқағали мәңгілік бейне» атты облыстық пленэрлер, фотокөрмелер өткізіледі. Республикамыздың біршама аймақтарына Жамбыл Жабаев әдеби музейінің жылжымалы көрмесін ұйымдастыру жоспарланған.
«Бикен Римова атындағы облыстық драма театрында «Жолбарыс би» және «Мұқағали» спектаклдері қойылады. Одан өзге, республикалық, облыстық ақындар айтысы, әншілер байқауы, ғылыми тәжірибелік конференциялар мен түрлі деңгейдегі көрмелер мен кездесулер, танымдық сағаттар, турнирлер, оқулар өтеді», – деп мәлімдеді облыстық мәдиениет басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев.
Айта кетейік, ел руханияты үшін еселі еңбек еткен КСРО Халық әртісі Ермек Серкебаевтың 95, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 115, Қапан Мусиннің 100, Қаршыға Ахмедьяровтың 75, Рысбай Ғабдиевтің 85 жылдықтарына орай еске алу концерттері ұйымдастырылады.