Назерке Торпақованың есімі бүгінде көпшілікке жас қолөнер шебері ретінде жақсы танылып келе жатыр. Асқан ұқыптылық пен шыдамдылықты, шығармашылық ізденісті талап ететін бисер арқылы жасалған оның 80-нен астам еңбегі бар. Түрлі тақырыпты қамтитын туындылары сондай шынайылығымен және әдемділігімен көз тартады.
Бүгін Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінде Назеркенің «Өнерім-өмірім» атты кезекті көрмесінің ашылу салтанаты болды. Кезекті дейтініміз, бұған дейін жас шебердің картиналары Алматы қаласындағы Ә.Қастеев атындағы музейде, Талдықорған қаласындағы М.Тынышбаев атындағы музейде көпшілік назарына ұсынылған.
Көрмеге қойылған 74 еңбектің кейбірі бисермен тігу арқылы жасалса, кейбірі алмазды графика әдісімен бейнеленген. Мысалы, солардың ішіндегі Құран кітабын кестелеуге 6500 моншақ кетсе, ең көлемді жұмысының бірі «Жазғы табын» тақырыбындағы сәйгүлік тұлпарлар бейнеленген картинасына аталған екінші әдіспен жасауға екі ай уақытын жұмсаған.
- Осы көрмеге қойылған дүниелер – шынымен де менің өмірім!- дейді Назерке толқыныс үстінде. – Денсаулығыма байланысты маған үйден жалғыз шығуға болмайды. Сондықтан, уақытымды бос өткізбеу үшін 15 жасымнан бастап түрлі-түсті могшақтарды өзіме серік қылдым. Бұл өнерді қатты жақсы көремін. Бір картинаны бастасам, аяқтағанша асығып, үлкен қызығушылықпен күні бойы жасаймын. Біткен бойда анама көрсетемін. Менің ақылшым да, тірегім де, жанашырым да осы анам ғой! ІІ топтағы мүгедек ретінде алатын жәрдемақымды үнемдеп, көп бөлігіне менің жұмысыма қажетті материалдарды үзбей алып беріп тұрады. Әр жетістігіме екеуіміз бірге қуанамыз.
Бүгінде жасы 21-ге келген бойжеткенге негізінен жолбарыс, қасқыр сияқты жыртқыш аңдарды бейнелеген ұнайтын көрінеді. Бәлкім, қыз балаға тән нәзіктігі мен әлсіздігінің орнын ойша осы мықтыларды кескіндеп толтыратын болар. Сонымен қатар, табиғат тақырыбы жанына жақын. Себебі, сұлулық, әсемдік, махаббаттың бәрі сонда емес пе?..
- Менің үлкен арманым – анаммен бірге шетелдерді аралап саяхаттау – дейді Назерке сөзін жалғай. – Былтыр Астанадағы Тұңғыш Президентіміздің музейінде болып үлкен әсерге бөлендім. Енді, Париж қаласындағы керемет өнер ордасы Луврді аралап көруді қиялдаймын. Сондай сұлулықты, әдемілікті тамсана тамашалау маған тың шығармашылық шабыт беретініне сенемін.
Жас қолөнер шеберінің көрмесінің ашылу салтанатына директоры Серік Қалиев бастаған аудандық тарихи-өлкетану музейі жақсы дайындалғаны бірден байқалды. Аудан өнерпаздары да бас қосып, әннен шашу шашқан шара барысында жиналғандар атынан ардагер ұстаздар А.Көсемова мен Б.Мұхамедярова сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. Сонымен қатар, Назеркенің қуанышын бөлісуге аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ә. Абдраманованың, «Жігер — М» мүгедектер спорт федерациясының президенті Т.Ходжамуратовтың, Абай атындағы мектеп-гимназияның ұстаздары мен оқушыларының, сондай-ақ көрмені өткізуге демеушілік еткен «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен өзі тұратын Бірінші Май ауылдық округінің әкімі Е.Тоқтасыновтың да арнайы келіп, құрмет көрсеткенін де айта кеткен жөн. Өз кезегінде өнерлі қыздың анасы Гүлжамал Сайболатова қол ұшын созып, Назеркені демеген жандардың барлығына алғысын айтып, шынайы ризашылығын білдірді. Ал, көрме бес күнге созылатын болады.