Қазіргі таңда жастардың белсенділігі мен ынтасын арттыру мақсатында көптеген бағдарламалар ойластырылып, іске асырылуда. Соның бірі ретінде жаңадан бастау алған Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлесіп қолға алған «Жастар корпусын дамыту» жобасын айтуға болады.
Аталмыш бастама туралы, бүгін, Сулейман Демирел университетінде өткен семинарда жоғарыда аталған жобаның үйлестіру агенттігінің мамандары Мадина Атайбаева мен Алия Сарсекеева толық ақпарат беріп, таныстырды. Жалпы, жоба өз әлеуетін, өмірлік маңызы бар дағдыларын және жетекшілік қадір-қасиетін дамытуға, бастамашылық идеялар мен жобаларды іске асыруға ниеті бар боз балалар мен бойжеткендерге арналған. Яғни, олардың өздерінің әлеуметтік маңызды кіші жобаларын қаржыландырып, жүзеге асыру үшін грант ұтып алуға мүмкіндіктері бар. А.Сарсекееваның айтуы бойынша, оған оқымайтын немесе жұмыс істемейтін, кәсіптік қайта даярлауға тартылмаған, керісінше, тұрақты жұмыс орны бар, бірақ, кедейлік шегінен тыс қалып отырған, 18-ден 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Бір кіші жобаны іске асыруға гранттың ең көп сомасы 1 млн теңгені құрайды екен. Ал, оны тәжірибелік іске асыру ұзақтығы – 5 ай.
М.Атайбаеваның сөзіне сүйенсек қатысушылар білім беру, саламатты өмір салты немесе спорт, мәдениет, патриоттық және азаматтық белсенділік, отбасылық құндылықтар немесе дәстүр, экология, аббатандыру, ғылым және техника, туризм, ауылды дамыту, волонтерлік бастамалар және т.б өздері қолға ала алатын бағыттар бойынша ұсыныстарын білдіреді. Бірақ, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін, ақылы қызметтер көрсетуді көздеген, құрылыс жұмыстарының қандай болса да түрлерін немесе қалпына келтіру бойынша жұмыстарды қарастыратын, бұдан бөлек, баспаханада қолжазбалар жазу сынды т.б бағыттағы жобаларға қолдау көрсетілмейді. Оның барлығы zhasproject.kz сайтында толық жазылған. Бұдан бөлек, ағымдағы жылда аталмыш бастау бойынша шамамен 3000 қатысушыны қамту жоспарлануда. Өтінім беру үшін zhasproject.kz ақпараттық порталына кіріп, нысанды толтыру қажет.
Басқосу соңында, Алия Сарсекеева қатысушылардың көкейінде туындаған сұрақтарына толыққанды жауап беріп, жобаларды іске асыру бағыттары шектелмейтінін, олар әлеуметтік маңыздылығы бойынша бағаланатын жеткізді. Сонымен қатар, оған қатысуға өтінім беру үшін 12 күн қалғанын да айтып, жадынамалар таратты.