Садыр Жапаров Қырғызстан президентінің міндетін атқарушы өкілеттігін тоқтатты, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы. Бұл туралы ақпаратты оның баспасөз қызметі хабарлады.
Осылайша Жапаров алдағы сайлауға елдің қарапайым азаматы ретінде қатысуды жөн көруде. Ал, президенттің міндетін уақытша парламент спикері Талант Мамытов атқарады. Үкімет басшысының міндеті бірінші премьер-министр Артем Новиковқа жүктелді.
Айта кетейік, Қырғызстанда жаңа президенттік сайлау 2021 жылдың 10 қаңтарына белгіленген.
Садыр Жапаров Орталық сайлау комитетіне құжаттарын өткізіп те қойды. Комиссияның хабарлауынша, сайлауға қатысуға 63 адам өтініш берген.
– Мемлекет басшысының міндетін атқаруға кірісе отырып, мен халық алдындағы жауапкершілігімді толық сезінемін. Конституциялық құқық шеңберінде халықтың бейбіт өмірі мен еліміздің тұрақтылығын қорғау үшін бар күшімді саламын. Халық осы бағыттағы менің барлық ісімді қолдайды деп үміттенемін, – дейді Қырғызстан Президентінің міндетін атқарушы:
Талант Мамытов.