Желіде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының құрылымы талқыланып жатыр. Онда ҚТЖ басқарма төрағасының екі бірдей бірінші орынбасары бар екені көрсетілген. Ұлттық компанияның баспасөз қызметі жағдайды түсіндірді, – деп хабарлайды karasayinfo.kz желідік басылымы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Көлік компаниясының жаңа құрылымы туралы хабарлама Yedilov Online Telegram-арнасында жарияланған еді.
7 шілдеде басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып бұрын цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі болған Әнуар Ахметжанов тағайындалды.
Әнуар Ахметжанов – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановтың туған ағасы. Telegram-арнасының авторы жаңа лауазым арнайы құрылған болуы мүмкін деп болжаған.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының екі бірдей бірінші орынбасары бар. Антикор төрағасының ағасы үшін арнайы «жылы орын» құрылды ма?», – делінген жазбада.
ҚТЖ баспасөз қызметі ұлттық компанияда басқарма төрағасының бірінші орынбасары екеу екенін растады.
«Бұл басқа елдер мен компаниялар тәжірибесінде бар. ҚТЖ-да бизнес-процестерді трансформациялау және цифрландыру мәселелері жөніндегі орынбасарды тағайындау осы бағыттағы жұмысты күшейтуге байланысты. Бұл бүгінде жұмыстың негізгі басымдықтарының бірі», – деді БАҚ-пен жұмыс департаментінің директоры Қайсар Жұмабайұлы.
Сондай-ақ, ол Әнуар Ахметжанов барлық конкурс рәсімдерінен өткеннен кейін қызметке бекітілгенін атап өтті.
Компания басқарма төрағасының бірінші орынбасары лауазымын Қанат Әлмағамбетов те атқарады.
2021 жылдың сәуірінде ҚТЖ басшысы ауысты. «Самұрық-Қазына» басқармасының шешімімен Ұлттық компания басқармасының төрағасы Нұрлан Сауранбаев болды. Бұрын ол Президент Әкімшілігінде жұмыс істеген.