Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес мәселелері бойынша селекторлық отырыс өткізді, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты жариялады.
«Баяндамаға сенсек, бәрі де бақылауда. Алайда іс жүзінде олай емес. Мен өзімнің әкімшілігіме дәрі-дәрмектің қолжетімділігі бойынша елдегі бөлшектік желілерге тексеріс жүргізуді тапсырдым. Нәтиже қуантып отырған жоқ. Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл және Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматыда дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі мен ұзын-сонар кезек әлі де бар. Өмірлік маңызы зор дәрілерді артық бағамен сату фактілері анықталып жатыр. Көлеңкелі нарық жайылып барады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев отырыс барысында.
Ақорда сайтының мәлімдемесіне сүйенсек, құқық қорғау органдары көтерме және бөлшек саудамен айналысатын дәріханаларға рейдтер мен тексерулер жүргізген. Тексеру нәтижелері бойынша дәрі-дәрмек құралдарын заңсыз саудалаумен айналысқан 270 адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 116-сы – медицина қызметкерлері. Мемлекет басшысы бұл бағытта жұмыс жалғасатынын, кінәлілер заңға сай жазаға тартылатынын мәлім етті.
Мемлекет басшысы сонымен қатар әкімдердің жұмысын сынға алды.
Елімізде шектеу шаралары қабылданғанымен халық әлі де отбасылық мерекелер жасауды жалғастырып жатыр. Атап айтқанда, мұндай жағдай Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент қаласында байқалады. Президент әкімдер карантин режимін сақтауға бағытталған түсіндіру жұмыстарын әлсіз жүргізгенін сынға алды.
– Әкімдер аса күрделі жағдайда жұмыс істей алмайды. Өзекті проблемаларды шұғыл шешуді, азаматтарға мемлекеттік саясатты дұрыс түсіндіруді білмейді,– деп мәлімдеді Президент. Оның ойынша, Үкімет мүшелері де, әкімдер де «тоқмейілсудің, масайраудың қақпанына түскен».