Теңгенің тербелісі жайында

Теңгенің тербелісі жайында

Еліміздегі теңге бағамының тұрақсыздығы қарапайым халықты алаңдатқаны рас. Жалпы алғанда, ұлттық валютамыздың құлдырауы мен доллардың күрт өсуі әлемдік нарықтағы мұнай бағасының көтерілуімен тікелей байланысты деседі, жұрт. Дегенмен, қаржы саласына қатысты бұл аталған мәселенің беймәлім тұстарына экономист-сарапшылар ғана тиянақты түсінік білдіре алатыны анық. Осы мақсатта ауданымызда орналасқан Сулейман Демирел университетінің доценті, экономика ғылымдарының PhD докторы, зерттеуші-профессор Есенғали Өскенбаевтың пайымды пікірін оқырман назарына ұсынсақ дейміз, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы.

Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының 34 долларға дейін құлдырауына қатысты Есенғали Сайлаубекұлы өзінің ойын жеткізе келе, бұл жағдай барлық мемлекеттерге де тиімді емес екенін жеткізді. Оның айтуынша, мұнай бағасының төмендеуі біздің ғана емес, бүкіл әлемдегі елдердің жағдайына әсер ететіні анық. Өкінішке орай, басқа елдерге қарағанда Қазақстан сияқты мұнай өндіретін елдер мұны көбірек сезінеді. Себебі, біз мұнайға тікелей тәуелдіміз. 2018 және 2019 жылдардағы статистикаға сүйенсек, біздің ел 50 миллиард АҚШ доллары шамасында мұнай экспортын жүзеге асырған. Егер оны шамамен сол кездегі 60 доллар болатын мұнай бағасымен қазіргі уақыттағы бағамымен салыстырсақ, оның төмендеуін немесе мұнай экспорты нешеге азаятынын болжамдау қиын емес. Нәтижесінде, мұнайдан түсетін табыс едәуір мөлшерде төмендейді, қатаң фискалды және бюджет саясаты орын алады, жоғары инфляция және девальвация пайда болады деген сөз.

Экономист маманның ойынша, Валюта бағамына әсер ететін бірнеше фактор бар. Бірақ, біздің жағдайымызда ұлттық валютамызға әсер ететін негізгі фактор – ол мұнайдың бағасы. Себебі, Қазақстан экспортының едәуір бөлігін сол құрауда. Мәселен, 2019 жылы барлық экспортымыздың 73%-ы минералды шикізаттардан құралған. Оның ішінде, әрине, мұнай бар. Егер оның бағасы төмендейтін болса, Қазақстанның мұнайдан түсетін табысы азаяды, сәйкесінше сыртан келетін доллардың да көрсеткіші төмендейді. Ал, АҚШ долларының бәсеңдеуі оның құнын көтеріп жібереді. Сондықтан да, мұнай бағасы мемлекетіміз үшін негізгі фактор болып табылады.

Зерттеуші-профессордың басты факторы деп отырғаны қара алтынның бағасы екені белгілі. Ал, оның белгілі бір шекке жеткенде, «еліміздің экономикасына қауіп төнуі мүмкін бе?» деген сұраққа экономист былай дейді: «Қазақстан АҚШ сияқты шығарылуы көп шығын қажет ететін «сланцевая нефть» деп аталатын мұнай түрін өндіреді. Әрине, қазіргі уақытта басқа энергия көздерін барлау жұмыстары жасалып жатыр. Оның үстіне «Exxon» сияқты ірі компаниялар мұндай мұнай түрін («сланцевая нефть») төмен шығынмен шығарудың тәсілін ойлап шығарғанын жариялауда. Осы тәсілмен қара алтын баррелінің өзіндік құны 15 АҚШ доллары болады деп болжамданады. Бірақ дәл қазіргі уақытта бұл қолжетімсіз деп ойлаймын. Есенғали Сайлаубекұлы, экономист маман ретінде валюта нарығындағы жағдайдың тұрақталуы үшін интервенцияның маңыздылығына тоқталды.

– «Интервенция» ұғымын тікелей аударсақ «араласу» деген мағынаны береді. Интервенция ұлттық валютамыз «теңгенің» басқа валютаға шаққандағы құнын сақтау үшін жасалады. Бұл Ұлттың Банк тарапынан жүргізілетін ақша немесе несие саясатының бір түрі. Мұндай саясаттың жүргізілуінің негізгі себебі – ұлттық валютаның, яғни, теңгенің құлдырауынан сақтау.  Егер Ұлттық Банк интервенция жасамаса, теңге құнсызданып кете береді. Ол, әрине, бүкіл экономикаға әсер етеді. Атап айтқанда, фирмалардың құлдырауына, қарапайым адамдардың жалақысының нақты құнының азаюына, жоғары инфляцияға себеп болады. Қысқаша айтқанда, экономикалық және әлеуметтік проблемалардың туындауына себеп болады, – дейді СДУ-дің профессоры.

Өзінің ойын жеткізу барысында сарапшы маман әлемді алаңдатқан індет – коронвирустың да мұнай бағасының құлдырауына қатысы бар екеніне болжам жасады. Оның пайымдауынша, мұнай бағасының одан сайын төмендеуін коронавируспен байланысты деуге болады. Оның пайда болуы мұнайға әлемдік сұраныстың азаюы ықпал етті. 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап жаңа вирустың тарауы, көптеген елдерде  қатаң карантин іс-шараларының жариялануына байланысты әуе жолдары арқылы қарым-қатынас тоқтатылды, өндіріс орындары жабылды, жалпы айтқанда, әлемде экономикалық белсенділік азайды. Осының салдарынан мұнайға деген сұраныс күрт төмендеді. Өйткені, мұнайды энергия көзі ретінде қолданатын бизнестер өз жұмыстарын уақытша тоқтатып отыр. Бұл мұнай бағасына екінші үлкен соққы деуге болады.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях