Желтоқсан оқиғасында шабармандардың қақ ортасында жалғыз келе жатқан уыздай жас қыздың фотосуреті кімнің болмасын жүрегін елжіретіп, жанарына еріксіз жас тұндырады. Бұл сурет 33 жыл бойы деректі фильмдерде талай рет көрсетіліп, газет-журналдарда сан мәрте жарияланған еді. Қайсар қыздың аты-жөні – Анар Рахымжанова, Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Еңбек ауылының тумасы, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.
Бүгінде ол Алматы қаласында тұрады. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелерінің қызығына бөленіп отыр. Десе де Желтоқсан көтерілісі әлі күнге дейін оның жан жарасын сыздатып, күні кеше болғандай көз алдында көлбеңдейді.
Тарихи суретке оралар болсақ, шаш ал десе бас алатын, қабағынан қар жауған милицияның адамдары «уысында» басын төмен салбыратып келе жатқан бұйра шашты, шақпақ пальто киген қызға Facebook-те іздеу жариялағандар, белсенділер болыпты. Ал Анардың өзі бұл әлеуметтік желіге тіркелмеген екен.
«Бұл қыз тірі ме? Тірі болса қайда?» деп жазып, менің суретімді салғандарды сіңілім Жанар байқап қалды. Астына пікір ретінде «Бұл менмін» деп жауап қайтардым. Осыдан кейін маған жан-жақтан сан алуан сұрақтар ағылды. «Рас па? Оны қалай дәлелдейсің? Мүмкін емес!» дегендер де болды. Бәріне жас кезімдегі сол шаш үлгісімен түскен суреттерімді жібердім. Ал күздік пальтомнан баяғыда құрақ көрпе тігіп тастағанбыз», – дейді кейіпкеріміз.
Осылайша іздегендер суреттегі қыздың сол екендігіне көз жеткізген. Өзін осы уақытқа дейін жарнамалап, мақтау естіп, марапат алуға ұмтылмаған Анардың мұнысынан қазақ қызына тән қарапайымдылық пен ұяңдықты көреміз.