Қарасай ауданының Құрметті азаматы, Шамалған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Молбаев бүгін дүниеден өтті, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Жаны жомарт, ақылшы ақсақал 83 жастан асқан шағында өмірден озды.
Молбаев Амангелді Жебегенұлы 1940 жылы 31 тамызда Талдықорған ауданына қарасты (қазіргі Ескелді) «Ленин» колхозында дүниеге келген. Қызметі бабы бойынша партия тапсырмасымен 1956 жылы Шамалған ауылына отбасымен қоныс аударған.
1961 жылы Алматы су шаруашылығы техникумының құрылысшы факультетіне түсіп, оны 1965 жылы бітірген.
1965-1968 жылдары Нарынқол ауданының Қақпақ ауылында, Каскелең ауданы «1 май» колхозында прораб болып жұмыс атқарған.
1972-1995 жылдары «Алматысельстрой» бірлестігінің 613 ПМК-сына аға прораб болып істеген. 1995 жылы еңбек демалысына шыққан.
Амангелді Жебегенұлы Шамалған ауылдық округінде 20 жыл ақсақалдар кеңесінің орынбасары, соның ішінде соңғы үш жылында төраға міндетін атқарған. 2019 жылдың шілде айынан бастап аталған қоғамдық ұйымның төрағасы болды.
Құдай қосқан қосағы Нұрзия Қарақойшықызы екеуі екі ұл, бір қыз тәрибелеп өсірді. 12 шөбересі бар.
2020 жылы 15 желтоқсанда Қарасай ауданының өркендеуіне сіңірілген еңбегі еленіп, «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атанды.
Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Жақындарына көңіл айтамыз.