Пара алған университет оқытушылары қатаң жазаланады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет заңсыз сыйақы алған университет оқытушыларына жазаны күшейтуді ұсынады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ведомство баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Антикор басшысы Марат Ахметжановтың айтуынша, жоғары оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлық тіркелген өңірлер: Атырау – 24 пайыз, Нұр-Сұлтан – 20 пайыз, Шымкент – 12,5 пайыз, Алматы – 12 пайыз, Алматы облысы – 12 пайыз, Маңғыстау – 10 пайыз және Түркістан облысы – 9 пайыз.

Сессия жабу дерегі бойынша 64 пайыз жағдай және университетке қабылдауға қатысты 14 пайыз жағдай анықталған. 95 пайыз жағдайда 5-тен 200 мың теңгеге дейінгі сома сыйақы ретінде ұсынылған. Басқа жағдайларда сыйлықтар.

«Мәселенің шешімі ретінде агенттік Қылмыстық кодекстің 247-бабы бойынша («Заңсыз сыйақы алу») санкцияларын күшейтуді ұсынады, онда үкіметтік емес ұйым қызметкерінің заңсыз сыйақы алғаны үшін жауапкершілік қарастырылған, оның құрамына университеттер де кіреді. Бұл шара құрамды қылмыстық құқық бұзушылықтан ауырлығы орташа қылмыс санатына ауыстыруға мүмкіндік береді»,- делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, білім беру саласында үш жыл ішінде 400 сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелген. 270 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Антикордың ресми дерегіне сүйенсек, олардың арасында білім вице-министрлері, министрлікке еншілес ұйым алқаларының төрағалары, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық және аудандық деңгейдегі білім бөлімдері мен департаменттерінің басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, мектеп директорлары бар.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях