Мектеп формасы жаңа оқу жылында міндетті бола ма?

Мектеп формасы жаңа оқу жылында міндетті бола ма?

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылындағы мектеп формасына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.

«Пандемияға дейін мектеп формасын кию міндетті болды. Бірақ өткен жылы барлық жағдайды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар, классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылдадық», – деді министр өзінің Facebook парақшасында.

Асхат Аймағамбетов ата-ана ретінде де, Білім және ғылым министрі ретінде де мектеп формасын киюді қолдайтынын атап өтті.

«Cонымен қатар, педагогтер мектеп формасы балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге үлес қосатынын, сол мектепке баратын балалармен бірлікті сезінуге мүмкіндік беретінін және ең бастысы, оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектесетінін айтады. Ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшіліктерінің, білім басқармасы басшыларының пікірлерін тыңдап, көбісі мектеп формасын жақтайды деген қорытындыға келдім. Бірақ мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірлерін саралап, барлық жағдайларды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешімді қабылдадық. Бұл шешім тек ғана келесі оқу жылы үшін қабылданды», – деп жеткізді А.Аймағамбетов.

Министр өз жазбасында бұл шешімді қабылдар кезде нені басшылыққа алғанын да қосымша түсіндірді.

«Біріншіден, эпидемиологиялық жағдайды ескердік. Қазір еліміздің көптеген аймақтарында карантиндік шектеу шаралары күшейген. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезек болып, Covid-19 жұқтыру қаупін тудыруы мүмкін екенін білеміз. Екіншіден, кейбір отбасылардағы уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасын сатып алу отбасылық бюджетке қосымша жүктеме болуы мүмкін. Сондықтан, егер ата-аналар түрлі жағдайларға байланысты балаға мектеп формасын ала алмаса, онда уақытша, келесі оқу жылына дейін мектепке классикалық стильдегі киіммен баруға болады», – деді БҒМ басшысы.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях