27 қаңтарда Украинаның Одесса қаласында киокушинкай-кан каратэден жасөспірімдер мен ересектер арасында Әлем чемпионаты аяқталған болатын. Оған дүние жүзінің 21 мемлекетінен 250-ге жуық спортшы қатысқан. Бәсеке қызған додада Қазақстан құрамасы 12 алтын, 4 күміс пен бір қола медаль алып, зор жетістікпен оралды. Олардың арасында Шамалған ауылының тұрғыны, Үшқоңыр қазақ орта мектебінің 8 «а» сынып оқушысы Медет Әжібек те бар.
Сәрсенбі күні аудан әкімі Махаббат Бигелдиев жеңімпаз бен оның жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасы киокушинкай-кан каратэ федерациясы Алматы облыстық филиалының жетекшісі, республикалық дәрежедегі спорт шебері Бекжан Сүнбековты арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.
Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Серік Қамзанов аталған байрақты бәсекеде Алматы облысы киокушинкай-кан каратэ федерациясының екі спортшысы өз өнерлерін көрсеткенін айта келіп, жерлесіміз Медеттің ел абыройын асқақтатып қайтқанын тілге тиек етті. Алдымен итальяндық спортшыны, екінші турда түрік, үшіншісінде пәкістандық қарсыласын тізе бүктірген Медет, ақтық айқаста тәжірибелі ресейлік каратэшіні қапы қалдырып, айқын басымдықпен жеңіс тұғырына көтерілген екен.
Махаббат Садуақасұлы сөзінің басында жас чемпион мен бапкерін осынау табыстарымен құттықтап, аталған спорт түрінің дамуы мен болашағы туралы сауалдар қойды. Оларға жауап қайтарған Б.Сүнбеков каратэ жекпе-жек өнерінің ішінде киокушинкай кан деп аталатын түрі олимпиада ойындарына енгізілмегенін, себебі, ол каратэнің ең қатал, қауіпті түрі болып есептелетінін әңгіме арқауына айналдырды.
– Мұнда көкіректен ұруға, бастан тебуге рұқсат етілген, – деді ол сөзін жалғай. – Облыс көлемінде құрылғанына төрт жылға жуық уақыт болған, еліміз үшін жас спорттың бұл түрімен 400-ге жуық адам айналысады. Қазірдің өзінде жетістіктеріміз жоқ емес. Мысалы, республикалық чемпионатта Әсел Әзімханова деген қызымыз үздік атанса, әлем біріншілігінде Медетіміз елімізге олжа салып отыр. Одан өзге де жеңімпаздарымыз баршылық.
Бекжан Батырбекұлының айтуынша, спорттың бұл түрі жас талғамайтын көрінеді. Бала сөз ұғатын жасқа жеткеннен кейін, яғни, төрт жасынан шұғылдана беруге болады. Сол сияқты, жасы ұлғайған адамдар да дене-мүсінін сақтап, денсаулығын жақсартамын десе бұл спорттың тигізер көмегі көп. Сондықтан оған деген қызығушылық жыл өткен сайын арта түсуде.
Махаббат Садуақасұлы сөзінің соңында көшеде босқа сенделіп, күмәнді жолға түскенше, ел мен мемлекет абыройын көтеріп, ұлтымыздың болашағын қалыптастыратын осындай жастар көп болса ертеңіміз де жарқын боларын алға тартып, жас жеңімпаз Медет Әжібекке жақсы тілеген арнай келе, осы бір жеңістен естелік ретінде ноутбук сыйлады.