Бір кітаптың мазмұнын бір қойылыммен түсіндірген Абай мектеп-гимназиясының ұстаздары көпшілікті тәнті етті. Аталған сахналық қойылым бүгін Қаскелең гуманитарлық колледжінің ғимаратында аудандық Аналар кеңесі мен Қаскелең қалалық ардагерлер алқасының ұйымдастыруымен өткізілген облыстық кітап конференциясы барысында көрермендер назарына ұсынылды, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымның тілшісі.
Қазіргі жастарды кітап оқуға баулу, қызығушылығын оятуға арналған шараның басты тақырыбы ретінде аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Ақылия Бекбайқызының «Қара қайрақ» кітабы таңдалып алынған. Бұл кітапта төрт бөлімге топтастырылған жазбалар, шынында да, Өмірәлі әулетінің шежіресі іспетті екен. Қойылымда ең алдымен Әбен Өмірәлінің көзінің ағы мен қарасындай қызы Гүлмираға жазған бірнеше хатында баяндалған оқиғалар сахналанды. Ұрпағын сүйіп, ұл-қызын құрметтеген әке сонау Мәскеудегі студент қызына 400-ден астам хат жазыпты. Сонымен қатар, жиында кітаптағы «Күнделіктен сыр» атты бөлімнен де Ақылия апамыздың жан-дүниесін жайлаған жағымды ой-пікірлері оқылды. Ұстаздар қауымынан құралған актерлердің ойындары осылайша жиналғандарға жағымды әсер қалдырды. Кеш қонақтары ретінде келген 85 жастағы Тосын Арсылан ата «Қара жорға» биін билесе, сазгер Тауқиддин Заманұлы «Балқадиша» әнін нақыша келтіре орындады.
Конференция соңында Алматы облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Жамал Баймадиева және басқа аудандағы аталған ұйымның жетекшілері шараны жақсы деп бағалады. Ақылия Бекбайқызы да өз кезегінде жиынның өткізілуіне ат салысқан Қаскелең қалалық ардагерлер алқасының төрайымы Несіпбала Әбділдаева мен Абай мектеп-гимназиясының директоры Тұрсын Сайбыроваға алғысын жеткізді. Ауданға арнайы келген қонақтарға Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев қолдауымен дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.