ҚР Сыртқы істер министрлігі Грузия, Қырғызстан, Мажарстан, Молдова, Моңғолия, Таиланд және Түркия елдерінің уәкілетті органдарымен вакциналау паспорттарын өзара тану бойынша ноталармен алмасты, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Коронавирусқа қарсы вакциналаудың толық курсынан өткен Қазақстан және жоғарыда аталған елдердің азаматтары COVID-19-ге қарсы вакциналау паспорттары негізінде мемлекеттік шекараларды карантиндік шектеулерсіз (ПТР тест тапсыру, өзін-өзі оқшалау және т.б.) кесіп өте алады. Сонымен бірге, Беларусь, Вьетнам, Мысыр және Оман сияқты елдер шетелдік мемлекеттердің вакциналау паспорттарын біржақты тәртіппен таныды және келушілерге кіруді жеңілдетті. Аталған елдердге бару үшін Қазақстан азаматтарына шеқаралық өткізу пункттерінде COVID-19-ге қарсы вакциналауды растайтын құжатты ұсыну жеткілікті», – делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда Аргентина, Армения, Әзербайжан, Иордания, Индонезия, Марокко, Өзбекстан, Ресей, Филиппиндер және т.б. мемлекеттермен COVID-19-ге қарсы вакциналау паспорттарын өзара тану бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Тиісті жұмыстар тұрақты негізде жалғасуда, осы мәселе ҚР СІМ-нің бақылауында.