Аудандағы өзекті мәселелер төрағаның назарына ілікті

Аудандағы өзекті мәселелер төрағаның назарына ілікті

Қарасай ауданына арнайы жұмыс сапарымен бүгін Алматы облыстық мәслихаттың төрағасы Талғат Байеділов келіп, ауданның қазіргі таңдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішімен танысты, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары мен бірқатар облыстық басқарманың, аудандық бөлімнің басшылары қатысты.

Алғашқы болып сөз алған облыстық мәслихаттың төрағасы Талғат Ескендірұлы алдымен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауының маңыздылығына тоқталды. Одан бөлек Мемлекет басшысының Алматы облысына жасаған іссапары барысында айтылған тапсырмалары мен ұсыныстары жайлы сөз етіп, оның орындалуы үшін бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.

Сондай-ақ бұл жиында аудан әкімінің орынбасары Рустам Әмірғалиұлы аудан бойынша әр салада атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы уақытта жүзеге асатын істерге қатысты ақпарат берді.

Өз кезегінде халық қалаулылары да сөз алып, бірқатар өзекті мәселені қозғады. Мәселен, Самат Толықбайдың айтуынша, Шалқар ауылында дәрігерлік-амбулатория әлі күнге дейін жоқ. Тіпті, 10 жылдан асып кеткен. Аудандық мәслихаттың депутаты халыққа қажетті әлеуметтік нысанның қашан болатынын сұрап, тікелей сауалын жолдады. Ал дәл осы саланы қадағалайтын аудан әкімінің орынбасары Р.Атшабаров қазіргі уақытта аталған медициналық мекеменің жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып жатқанын және келесі жылы құрылысы басталу жоспарда бар екенін түсіндірді.

Бұл жайттан хабардар болған Талғат Ескендірұлы аудан басшылығына аталған мәселені қадағалауда тапсырды.

Тұрғындардың өтінішін арқалап, сұрақ қойғандардың қатарында облыстық мәслихат депутаты Махаббат Бигелдиев, аудандық мәслихат депутаты Қаныбек Айтжанов және аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жанат Исағұлов та болды. Олар елді алаңдатқан Шамалған ауылындағы өнер мектебін, газдың тарифін, Елтай ауылындағы сүт-тауар фермасына қатысты мәселені қозғап, облыстық мәслихат төрағасынан олардың оңды шешілуіне ықпал етуін сұрады.

Талай мәселенің мәніне үңілген төраға барлығы міндетті түрде назарда болатынын айтып, облыс тарапынан шешуге қолдау болатынын жеткізді.

Жиын соңынан кейін Талғат Ескендірұлы аудандағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, Іргелі ауылына қарасты «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің жылу жүйесін тексерді.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях